Адалдық жаршысы – Мұхаммед (с.ғ.с): Алматыда мәуліт кеші өтті

30.09.2024 14:19

Эстрада жұлдыздары иләһи өлеңдер мен термелер орындады

Алматыда «Адалдық жаршысы – Мұхаммед» тақырыбында рухани мәуліт кеші өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар дүниеге келген айдың құрметіне ұйымдастырылған іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен мешіт жамағаты, имамдар қатысты. Эстрада жұлдыздары иләһи өлеңдер мен термелер орындап, пайғамбарға деген сағынышын әнмен жеткізсе, «Өнер қырандары» ұжымы сахналық қойылым қойды. Кештің басты мақсаты – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға салауат айту, оның асыл қасиеттерін дәріптеу, халық арасында имандылықты насихаттай отырып, тұрақтылық пен тыныштыққа үндеу.

"Алланы мадақтаған жерде, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға салауат айтқан жерде тыныштық, береке, бірлік болады. Алла ниетімізді қабыл етсін! Кезінде ата-бабаларымыз Мәуліт оқыған жерге ас көп болсын деген мақсатта бидай, арпа қояды екен. Алматы шаһарында мәуліт оқылып  жатыр. Алла қабыл етіп, қаламыз гүлденуін нәсіп етсін!" – деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Мәуліт кешіне келгендер сондай-ақ VR технологиясы арқылы Мұхаммед с.ғ.с пайғамбардың өмір жолымен танысып, арнайы көрмені аралады. Соңында демеушілерден және билеттен түскен қаражат көпшілік алдында мұқтаж кісілерге табысталды.

"Биыл мүфтият «Ислам діні – дәстүр құндылығы» деп жариялағандықтан дін мен дәстүрдің сабақтастығын барынша көрсетуге тырыстық. Келушілер виртуалды түрде Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өміріне саяхат жасау мүмкіндігіне ие болды. Бұл – мүфтияттың мәуліттегі жаңалығы", – деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан.

Оқи отырыңыз: Еңбек күні: Алматыда кімдер марапатталды