Сарапшылар қоғамдық сананы жаңарту жолдарын ұсынды
Алматыда «Заманауи қоғамдық құндылықтар жүйесі: басымдықтар мен даму келешегі» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар және қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ діни ұйым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жиналғандар «Заң мен тәртіп» қағидасы, «Адал азамат» тұжырымдамасы және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасына айрықша тоқталып, оларды қоғамдық санаға сіңірудің тиімді тетіктерін табу жолдарын талқылады. Мұнымен қоса, отбасы институтын нығайту, адами капиталды дамыту мәселелері де көтерілді. Сарапшылардың сөзінше, соңғы уақытта халықтың байырғы дәстүріне сәйкес келмейтін әрекеттер көбейген. Яғни, беттен сүйіп амандасу, қоғамдық ортада дауыс көтеріп, ерсі қылық көрсету, жарыса той өткізу сияқты істер. Сондықтан олар ұлттық мәдениет талаптарына сай болып, дәстүрлерге, рухани құндылықтарға құрмет көрсетілуі қажет екенін айтты.
«Президент «өміршең, келешегі зор идеологиялар мемлекет пен қоғамның ортақ ізденісінің арқасында ғана пайда болады. Біз дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіруіміз керек» деген. Сондықтан қоғамды жаңа мәдениетке, сапалы құндылықтарға, ұлттық сана мен жауапкершілікке тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуіміз керек», – деді Алматы қаласы әкімінің орынасары Абзал Нүкенов.
«Жаңа Қазақстан деп жатырмыз ғой. Жаңа Қазақстан дегенде жаңа ғимараттар емес, жаңа технология емес, бұл – адам және оның санасы. Біздің азаматтарымыздың санасы қандай болады осыған байланысты біздің құндылықтарымыз сақталады. Ұлы Абай «Адам бол» деп айтқан. Осы сөзде қазақ халқының тағдыры жатыр. Сондықтан болашағымызды ойласақ, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауымыз керек», – деді жазушы, журналист Бигелді Ғабдуллин.
Оқи отырыңыз: Алматы шетелдермен мәдени ынтымақтастықты кеңейтіп келеді