Тұрғындар 5 жыл бойы қиындық көріп келді
Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында көпір құрылысы жауапсыз мердігердің кесірінен 5 жылға кешіккен. Соның салдарынан өзен арнасынан сәл асса, Қаратөбе ауылында көлік қозғалысы тоқтайтын. Абырой болғанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәселеге араласып, жағдай біржақты болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қаратөбе мен Қостөбе ауылдарын жалғайтын көпірдің құрылысы 7 жыл бұрын, 2018 жылы басталған. Сөйтіп, бір жылдың ішінде ел игілігіне тапсырылуы керек болған. Алайда мердігер мекеме жұмысты орта жолдан тастап кеткен. Соның салдарынан тұрғындар 5 жыл бойы қиындық көріп келеді.
«Бұрын қарияларымыз аршадан салған. Шеті осы жақта. Арбамен түсіп кеткендер де болған. Шанамен түсіп кеткендер де болды. Қыстыңгүні мұз қатып қалып, мұздың ішіне түсіп кеткен мал да болған, адам да болған. Қиындық болды. Содан кейін осы көпір салынып жатыр», - деді Төлеби ауылының тұрғыны Әділ Оразов.
Тұрғындар әсіресе, Балдыберек өзені көктемде тасығанда екі ауылдың арасында қатынас үзілетін дейді. Ал биыл бұқараның жылдар бойғы тілегі ақыры орындалды. Яғни, аудан бюджетінен бұл мақсатта 38 млн теңге қаралып, көптен күткен өткелдің құрылысы аяқталды.
«Қостөбе орта мектебінің оқушылары екі жылдай Қаратөбе елдімекеніне тасымалданып оқып жүрген болатын. Осы көпірден өтер кезде қиындықтар туындайтын. Көлік апаты болып қала ма, көпірден құлап кете ме деп қорқатын едік. Қазір мәселе шешімін тапты. Халқымыз дән риза болып жатыр», - деді Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Асабай Балтабаев.
Айта кетерлігі, бұл іске сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің мамандары да араласқан. Қазір мердігер мекеме өкілдері жауапқа тартылып, келтірілген шығын өндірілді.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Талайдың өмірін қиған Қызылорда – Жезқазған тасжолы қашан салынатыны айтылды