Адам саудасы – ауыр қылмыс: Ақтау халықаралық әуежайында ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті

30.07.2026 13:15

Полицейлер азаматтарға арнайы дайындалған ақпараттық жадынамалар тараттты

Polisia.kz.

Ақтау қаласында адам саудасының алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында "Адам саудасы – ауыр қылмыс" тақырыбында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды  Аlmaty.tv.

Іс-шара аясында Маңғыстау облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ақтау халықаралық әуежайында жолаушылармен және тұрғындармен кездесіп, адам саудасының белгілері, оның қауіпті салдары және мұндай қылмыстың құрбаны болмаудың жолдары туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Полицейлер азаматтарға арнайы дайындалған ақпараттық жадынамалар таратып, күмәнді жағдайлар туындаған кезде қайда және қалай жүгіну керектігі жөнінде кеңес берді. Сонымен қатар әуежай аумағында адам саудасының алдын алуға бағытталған ақпараттық парақшалар мен ескертпе материалдар таратылып, тұрғындарға профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Мұндай профилактикалық іс-шаралардың басты мақсаты – қоғамның назарын адам саудасы мәселесіне аудару, азаматтардың қырағылығын күшейту және адам құқықтарының бұзылуына жол бермеу. Құқық қорғау органдары тұрғындарды жұмысқа орналасу, шетелге шығу немесе күмәнді ұсыныстарды қабылдау кезінде сақ болуға, ал заңсыз әрекеттерге тап болған жағдайда дереу полицияға хабарласуға шақырады.

Оқи отырыңыз: Табиғатта және су жағасында қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз