Адам саудасы: биыл 141 қылмыстық іс тіркелді

Былтыр елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң күшіне енген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда адам саудасы өршіп тұр. Құзырлы орган тек биылдың өзінде 141 іс қозғаған. Соның 19-ы жаңа туған нәрестелерді саудалағандарға қатысты екен. Аталған қылмыс әлемде әлі де өзекті. Сол себепті күрес те күн санап күшейіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанның «қара нарығында» жаңа туған шақалақтар 500 мыңнан 1 миллион 500 мың теңгеге дейін бағаланады. Биыл 19 сәби саудаға салыныпты. Мұндай жантүршігерлік деректер еліміздің түкпір-түкпірінде тіркелген. Сондай-ақ Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда да анықталған.

«Қылмыстық кодекстің 135-бабы бойынша биыл 19 іс тіркелді. Олардың бәрі жаңа туған нәрестені асырап алу мақсатымен сатып алуға және сатуға қатысты болған. Мысалы, оның схемасы мынадай: бала сүйе алмай жүрген отбасы бала асырап алғысы келеді – бұл бір тарап. Екінші тарап – бала керек емес, бірақ аяғы ауыр немесе босанған әйелдер. Арада делдал болған адамдар ақша үшін алаяқтық жолмен баласынан бас тартқан отбасының сәбиін басқалардың атына жазып береді», – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басқармасы бастығының орынбасары Шынар Көшербаева.

Адам саудасы – әлемде қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымынан кейінгі үшінші орында тұрған қылмыс түрі. Жаһан мұнымен күресті күшейте түсті. Қазақстан да шет қалған жоқ. Былтыр Президенттің бастамасымен арнайы заң күшіне енген. Депутат Марат Башимов «бұл құжат мәселені ашық көтеріп, нақты шаралар қабылдауға мүмкіндік беріп отыр» дейді. Оның дерегінше, жыл басынан бері Қазақстанда адам саудасына қатысты 141 қылмыстық іс қозғалған. Соның ішінде адамды қанау мақсатында ұрлау, ағзаларды сату, кәмелетке толмағанды жезөкшелікке тарту, притон ұйымдастыру сияқты жекелеген санаттар бар.

«Бұл нені көрсетеді? Бұл қылмысты ашу деңгейінің күрт артқанын білдіреді. 141 қылмыстық іс арқылы мәселенің қаншалықты өзекті екенін байқауға болады. 19 кәмелетке толмаған жасөспірім жыныстық индустрияға мәжбүрлі түрде араласқан. Сонымен қатар адам ағзаларын заңсыз сату фактілері де бар. Қазір 7 іс тергеліп жатыр. Біз құқық қорғау органдарының статистиканы неғұрлым объективті көрсетіп отырғанын байқаймыз. Бұл қылмыстар ұзақ уақыт бойы жасырын түрде жасалып келген, ашық айтылмаған», – деді  ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Марат Башимов.

Астанада адам саудасымен күрес мәселесіне арналған «заң мен тәртіп» ұлттық диалогында сарапшылар мен депутаттар, құқық қорғаушылар мәселеге қарсы тұрудың заңды жолын тереңінен талқылады.

«Бұл мәселеге қарсы тұрудың ең тиімді жолы – серіктестік арқылы әрекет ету. Біз ұлттық және республикалық деңгейдегі серіктестікпен қатар, халықаралық ынтымақтастық туралы да сөз қозғаймыз. Бүгінгі іс-шараға халықаралық ұйымдар, мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам өкілдері қатысып отыр. Бұл – алғашқы қадамдар. Ұлттық деңгейден кейін жұмыс өңірлік деңгейде жалғасады. Мұнда Орталық Азия елдерімен ғана емес, басқа мемлекеттермен де өзара іс-қимыл орнату көзделіп отыр», – деді халықаралық көші-қон ұйымының қазақстандағы өкілдігінің басшысы Серхан Актопрак.

Халықаралық сарапшылар мен ұйымдардың бағалауы бойынша, Қазақстан адам саудасында транзиттік аймаққа айналып отыр. Олардың пікірінше, қазақ даласының Азия мен Еуропаны жалғап тұрғаны қылмыстық топтарға ыңғайлы екен. Десе де, құзырлы орган соңғы үш жылда адам саудасына қатысты транзиттік дерек тіркелмегенін айтты.

Аршат Әділжанқызы, Дания Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Алматы облысында баласын асыраудан бас тартқан 33 адам сотталды

Новости партнеров