АЭС атауына арналған конкурс: бір тәулікте 10 мыңға жуық өтінім түсті

27.09.2025 12:57

Байқауға еліміздің кез келген тұрғыны қатыса алады

Depositphotos.com

Елімізде алғашқы атом электр станциясына атау беру бойынша жарияланған конкурс қарқын ала бастады. ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің мәліметінше, 25 қыркүйектегі сағат 12:00-ден 26 қыркүйектегі сағат 12:00-ге дейін eGov Mobile қосымшасы арқылы 9 945 ұсыныс келіп түскен, деп хабарлайды  Аlmaty.tv агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, АЭС-ке ең үздік атау беру жөніндегі жалпыхалықтық конкурс 25 қыркүйеккүні сағат 12:00-де басталған болатын. Оған қатысу eGovMobile мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі: басты бетте «АЭС-ке атау ұсыныңыз» деген баннер орналастырылған.  

«Бастаманың мақсаты – болашақ станцияның тарихи, мәдени және ұлттық маңызын айқындайтын атауды таңдау», - делінген ведомство хабарламасында.  

Байқауға еліміздің кез келген тұрғыны қатыса алады. Ол үшін:

  • тілді таңдау (қазақ немесе орыс);
  • атаудың өз нұсқасын ұсыну;
  • қажет болған жағдайда оның мәнін қысқаша түсіндіру;
  • конкурстың ресми ережелерімен танысқанын растау қажет.  

Ұсыныстар 2025 жылғы 10 қазан сағат 23:59-ға дейін қабылданады.

Конкурстың ережелерімен ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ресми сайтында және ведомствоның әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында танысуға болады.  

Ұйымдастырушылар еліміздің барлық азаматтарын энергетикасы тарихына үлес қосып, Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке атау ұсынуға шақырады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 216 млрд теңгеге алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт салынады