Ядролық физика институтының қызметкерлері партия мүшелерімен кездесті
«Атом электр стансаларында 10 миллион жылда бір рет апат болуы ықтимал». Бұл – Ядролық физика институтының қызметкерлері партия мүшелерімен кездесуде айтқан пікірі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сала мамандарының сөзінше, заманауи стансалар 3 және 3+ буынына жатады. Олар қауіпсіздіктің барлық талабына сай. Ал жиынға қатысушы депутаттардың айтуынша, энергия қорын қалыптастыруға бүгіннен бастап қамданбасақ, ертең кеш болуы әбден мүмкін.
"Біріншіден, экономиканы дамыту керек. Екіншіден, мемлекеттердің арасында артта қалып кетпеуіміз керек. Энергетикалық тәуелсіздік те керек", – деді қалалық мәслихат депутаты Жандос Нәдіров.
Әлемдегі көп мемлекетке қарағанда АЭС салуда Қазақстанның мүмкіндігі өте жоғары. Мамандардың айтуынша, АЭС үшін қажет отын уранды өндіруде ел алдыңғы қатарда тұр. Сондай-ақ халық арасында кадр мәселесіне қатысты сұрақтың туындауы да заңды. АЭС салынғанда, 2 мыңға жуық маман қажет.
"Елімізде уран бар. Ядролық реакторлардағы отын құрылғысын жасаймыз. Қазір 3 реактор жұмыс істеп жатыр. Маякта тағы бір реактор іске қосылды. Оның бәрінде мамандар қайдан келді деп ойлайсыз? Шетелдік азаматтар істеп жатқан жоқ, бәрі – қазақтың ұл-қыздары, азаматтары", – деді Ядролық физика институты зерттеу реакторы кешені бас инженерінің орынбасары Асхат Бекбаев.
Оқи отырыңыз: АЭС-ті кім салады - Роман Склярдың жауабы