ҚМА 1800% табыс уәде еткен алаяқтықтың деректерін жариялады

13.04.2026 09:15

Қаржы пирамидасына 78 адам қаржы салып, келтірілген залал 110 миллион теңгеден асты

Depositphotos

Алматыда Boxy Wealth қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеу аяқталды, - деп хабарлайды Almaty.tv  Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Схема қалай жұмыс істеген

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті бір жыл бойы жобаның Алматыдағы құрылымдық бөлімшесін басқарған. Алаяқтық схема www.boxywealth.com сайты және мессенджерлер, соның ішінде «Күнделікті табыс» чаты арқылы жүргізілген.

Бастапқыда қатысушыларға халық тұтынатын тауарлар туралы ақпарат көрсетілген, кейін оларды инвестициялық платформаға тартқан.

Қазақстандықтарға қатысу пакеттерін сатып алып, күн сайын жарнамалық материалдарды қарау ұсынылған. Бұл ретте күніне 5–10 пайыз табыс уәде етілген, яғни айына 150 пайыздан астам және жылына 1800 пайыздан жоғары.

Сондай-ақ жаңа қатысушыларды тартқаны үшін бонус берілетін реферальдық жүйе қолданылған.

Ақша қаражаттары дропперлердің банктік шоттары арқылы қабылданып, кейін P2P-операциялар арқылы криптовалютаға аударылған.

Тергеу қорытындысы

Сенім қалыптастыру үшін ұйымдастырушылар компания тіркеп, кеңсе ашқан, жарнамалық науқандар жүргізген, «табыс» көрсеткіштерін көрсетіп, салымшыларға кеңес берген.

Нәтижесінде қаржы пирамидасына 78 адам қаржы салып, келтірілген залал 110 миллион теңгеден асты.

Күдікті қамауға алынды. Сот шешімімен Алматыдағы жер учаскесіне тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.