«AI-Sana» бағдарламасы және жаңа талаптар: еңбек нарығына қандай мамандар қажет

Жоғары оқу орындарында жаңа технологияларға бейімделген бағыттар күшейіп келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Еңбек нарығына жаратылыстану және техникалық бағыттар бойынша маман қажет». Жоғары оқу орнында сабақ беретін оқытушылар осындай пікірді алға тартып отыр. Себебі жасанды интеллектінің қарқынды дамуы еңбек нарығындағы талаптарды да өзгертіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жоғары оқу орындарында жаңа технологияларға бейімделген бағыттар күшейіп келеді. Соның бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған AI-Sana бағдарламасы. Жоба студенттердің жасанды интеллект бойынша білімін жетілдіріп, өз жобаларын әзірлеуіне мүмкіндік береді. Басты мақсат – дайын технологияны пайдаланатын ғана емес, экономиканың нақты мәселелеріне цифрлық шешім ұсына алатын маман даярлау.

«Президентіміздің тапсырмасымен AI-Sana бағдарламасы іске қосылған болатын. Сол бағдарлама аясында еліміз бойынша 600 мыңнан астам студент бірінші кезеңінен өтіп, үшінші кезеңі басталғалы жатыр. Бұл жерде жасанды интеллект бойынша студенттер жобасын ұсынады және ең мықты жобалар акселерациядан өтіп, елімізден жасанды интеллектке байланысты стартап компаниялар құрылады деп күтілуде», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Компьютерлік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Нұрислам Қасымбек.

 Ал цифрландыру кеңейген сайын жаңа мамандарға қойылатын талап та өзгереді. Мәселен ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кадрларға сұраныс артып отыр. Бұл бағытта студенттер тек технологияны қолдануды емес, цифрлық жүйелерді қорғау тәсілдерін де меңгеріп жатыр.

«Барлық сала цифрландырудан өтіп жатыр және болашақта барлық салаға қорғаныс керек болады. Ақпараттық қауіпсіздік жүйелерінің маманымын және оның экономикаға ықпалы зор. Себебі егер қорғаныс болмаса экономика құлдырайды. Қарапайым банктерді алатын болсақ, транзакциялар шабуылға ұшырайтын болса, экономика құлдырайды», – деді студент Әлиақбар Әмитов.

«Ақпаратты қорғау жүйелері өте маңызды деп айтсам болады. Қазір ақпараттық шабуыл көп жасалып жатыр. Жасанды интеллектіні қолдану уақытты үнемдейді және бізге көмектеседі», – деді студент Мүслім Сейдәзім.

 «Бүгінгі таңда кванттық компьютерлер келіп жатыр. Сол компьютерлерді зерттеп және де басқа да студенттерге осыны үйреткім келеді. Кванттық компьютерлер мамандарымызды даярлауда үлесі көп. Жаңа бағдарламаны көру арқылы түрлі салада есептеулерді қолдана аламыз», – деді студент Әсем Әбдісамат.

Бүгінде студентке кәсіби біліммен қатар цифрлық сауаттылық, технологиямен жұмыс істеу және жаңа дағдыларды тез меңгеру қабілеті керек. Яғни жаңа экономикаға қажетті кадр даярлау – білім беру жүйесінің басты бағыттарының біріне айналып отыр.

Айдана Шалқар, Ханкелді Ахметхан

Оқи отырыңыз: Қазақстан эксперименттік ядролық физиканың заманауи бағыттарын дамытып жатыр