Аида Балаева тарихи мұраны сақтау мемлекетіміздің басты құндылықтарының бірі ретінде бекітілгенін айтты
Бүгін, 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Осы айтулы күнге орай ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздің мәдени мұрасын қорғаудың маңызы туралы мәлімдеме жасап, сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министрдің айтуынша, ескерткіштер мен тарихи орындар жай ғана жәдігер емес, олар заманалар сабақтастығын сақтайтын және ұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі тетік.
«Ескерткіштер мен тарихи орындар заманалар сабақтастығын сақтауға, халқымыздың жүріп өткен жолын тереңірек түсінуге көмектеседі. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанның санғасырлық тарихы – ерекше мақтаныш және ұлттың мәдени кодының маңызды бөлігі», — деп атап өтті Аида Балаева.
Айта кетейік, бүгінде елімізде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысаны тіркелген. Олардың ішінде:
Бұл бай мұраны сақтауда еліміздегі 12 республикалық музей-қорық шешуші рөл атқаруда. Олар тек ескерткіштерді күзетіп қана қоймай, ғылыми-ағартушылық орталықтарға айналып отыр.
Қазіргі уақытта тарихи нысандарды дәріптеу мақсатында Сауран, Гауһар ана және Есік визит-орталықтарының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, Бозоқ қалашығын абаттандыру жұмыстары қолға алынған.
Қазақстанның мәдени мұрасы әлемдік деңгейде де жоғары бағалануда. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне еліміздің 10 тарих және мәдениет ескерткіші енген.
«Жаңа Конституцияда мәдениетті қолдау мен тарихи-мәдени мұраны сақтау мемлекетіміздің басты құндылықтары ретінде бекітілді. Бұл – ескерткіштерге ұқыпты қарау ортақ жауапкершілік екенін айқындайтын маңызды бағдар», — деді министр.
Аида Балаева еліміздің баға жетпес қазынасын көздің қарашығындай сақтап жүрген археологтарға, реставраторларға, ғалымдар мен музей қызметкерлеріне шынайы алғысын білдірді.
Оқи отырыңыз: Зияткерлік дода: Алматыда республикалық пікірсайыс турнирі қалай өтті