Аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты жою қажет - Президент

26.08.2026 14:57

Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасы төмен аймақтардағы жұмысты күшейтуді тапсырды

Аlmaty.tv

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз кеңесінде білім сапасына қатысты аймақтар арасындағы алшақтықты жою қажет екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Осы тұста Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы нәтижелеріне тоқталғым келеді. Мәселен, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарының, сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ал Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарындағы жағдай жақсы деп айту қиын», – деді Президент.

Мемлекет басшысы әсіресе Түркістан облысындағы білім сапасына назар аудару қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, облыста оқушылардың 75 пайызға жуығы ауылда тұрады. Сондықтан олардың жан-жақты дамуы үшін қажетті инфрақұрылым салып, шалғай елді мекендерге мықты мамандарды тарту керек.

«Бұл – Үкіметтің және әкімдіктердің алдында тұрған жедел міндет, жұмысты жоспарлы түрде тездетіп атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажет. Жалпы, төмен нәтиже көрсеткен барлық аймақтың әкімдері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек. Үкіметке осы жұмысты тиімді үйлестіруді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Президент педагогтерді аттестациядан өткізу талабын оңтайландыру жөнінде тапсырма берді

Толық көрсету