Қандықол мұнымен тоқтамай, марқұмның зейнеткер анасын да бірнеше рет ұрып, есінен тандырған
Алматыда әйел мен оның 6 жастағы қызын асқан қатыгездікпен ұрып өлтірген айыпталушыға қатысты сот үкімі шықты. Бұған дейін де қылмысы үшін сотталған ер адам бұл жолы өмір бойы бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Белгілі болғандай, сотталушы мен марқұм Ақбота Үсербай небәрі алты ай ғана таныс болған. Биыл 5 қыркүйекте екеуінің арасындағы жанжал қанды қылмысқа ұласқан. Ашу үстінде ер адам ас үйдегі шойын қазанмен әйелді баласының көзінше өлімші етіп сабапты. Ауыр жарақат алған әйел сол түні ауруханада көз жұмған. Медициналық сараптама марқұмның ашық бас-ми жарақатын алғанын, бас сүйегінің бірнеше жерден сынғанын, миына қан құйылғанын растады.
«Ақбота және Ерболқызы Көркем анасы үшеуі Апортқа барған. Содан үйіне демалыс орнынан қайтып келген жағдайда артынан Чалтабаев еріп келіп, ренжісіп қалған. Ол газдың үстінде тұрған қазанмен Ақбота мен Көркемді соққықа жыққан. Алынған саусақ іздері экспертиза Чалтабаевқа тиесілі екенін анықтады», – деді жәбірленуші тарап Асқар Бейсембаев.
Қандықол мұнымен тоқтамай, марқұмның зейнеткер анасын да бірнеше рет ұрып, есінен тандырған. Әйел жансақтау бөліміне жеткізіліп, бірнеше отадан кейін аман қалды. Сотталушы мұндай қатыгездікті көзбен көрген жалғыз куәгер 6 жастағы қызды да сол қазанмен бірнеше рет ұрған. Ауыр жарақаттан Көркем ес жимастан бірнеше күннен соң көз жұмды.
«Өмірімнің мәні еді екеуі, екеуінен айырылып, қазір не істеп, не қойып жүргенімді білмеймін? Көркемді өте жақсы көретін едім. Көркем сияқты немере бола ма, болмай ма?. Менің қызымның өмірінде кездескен зұлым адам болып тұр ғой. Бұл адамның қандай екенін білмеген. Қолында қазанмен мені де ұрды. Сол кезде қызымның жерде жатқанын көрдім. Сонда немерем тығылып тұрған екен ғой», – деді марқұм А. Үсербайдың анасы Ажар Сламова.
Сонымен қатар іс материалдарында тағы бір қылмыстық эпизод бар. Баланың шыңғырған дауысын естіген пәтер иесі есікті қағып, мән-жайды білмек болған. Алайда ер адам қылмысын жасырмақ болып, оны да темір қазанмен маңдай тұсынан ұрып құлатқан. Кейіннен қанға боялған темір қару Медеу ауданындағы тұрғын үйлердің бірінің қақпасының маңында жасырылғаны анықталды.
«Бәрі жақсы, бара беріңіз» деді. Мен «кетпеймін, полиция шақырамын» дедім Балам кілтті әкелуге кетті. Сол кезде қолындағы қазанды көрдім, іші қан-қан болатын. Соған таңданып қарап қалыппын, басыма қатты соққы тиіп, есімнен танып қаламын», – деді жәбірленуші Әсем Исаханова.
Соңғы сөзінде сотталушы өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, қылмыс жасамағанын мәлімдеді. Алайда сараптама нәтижесінде қанға боялған темір қазанда Чалтабаевтың саусақ іздері табылғаны дәлел ретінде ұсынылды.
Мемлекеттік айыптаушы Боралхан Чалтабаевты аса қатыгездікпен екі немесе одан да көп адамды қасақана өлтіру және адам өлтіруге оқталу баптарымен айыптады. Судья Бақытжан Бәкірбаев сотталушыны өмір бойы бас бостандығынан айыру жөнінде үкім кесті.
«Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 58-бабының 4-бөлігі ережелеріне сай, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтықтарында онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға ауыстыру арқылы Чалтабаевқа өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді судья Бақытжан Бәкірбаев.
Айта кетейік, сотталушы бұған дейін де адам өлтіргені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда ертерек босап, пробациялық кезеңде ауыр қылмыс жасап, 2 адамды өмірінен айырды.
Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов
Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында жоғалып кеткен ер адамның денесі табылды