Референдумға дейін:
14
күн
13
сағат
53
минут

Ақмола облысында 400-ден аса тұрғын наркологиялық есепте тұр

Тәртіп сақшыларының айтуынша, тәуелділік қылмыспен қатар өршіп келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақмола облысында есірткіге әуес жандар көбейіп, наркологиялық есепте тұрғандар саны 400-ден асты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Андрей – өңірдегі оңалту орталығының ем алушысы. Осыдан 25 жыл бұрын ол есірткіні алғаш қабылдап, уақыт өте келе тәуелділікке бой алдырған. Алғашқы жылдары бұл әдетін мәселе ретінде қабылдамай, салдарын елемеген. Тек өмірі қиындай бастағанда ғана өз дертін мойындапты. Қазір кейіпкеріміз ем қабылдап, есірткісіз 115 күнді еңсеріп отыр.

 «Оңалту орталығында жүргеніме 115 күн болды. Басында өзіме көмек қажет екенін сезбедім. Қазір ой елегінен өткізсем, ең ауыр қадам – ақиқатты қабылдау. Адам өз дертімен бетпе-бет келмейінше, өзгеріс басталмайтынын түсіндім», – деді Көкшетау қаласының тұрғыны Андрей.

Аймақта есірткіге тәуелділік мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Себебі Ақмола облысында 410 адам наркологиялық есепке алынған. Қынжылтатыны олардың басым көпшілігі жастар екен. 

«Орталығымызда есірткіге, алкогольге тәуелді және құмар ойынға әуес азаматтарды сауықтырамыз. Негізі 17 орынға арналған, бірақ 19 адам ем қабылдап жатыр. Оның 16-сы ресми есепте тұрса, үшеуі анонимді түрде емделуде», – деді Есірткіге тәуелді адамдарды әлеуметтік-психологиялық оңалту орталығының директоры Сұлушаш Бекмағанбетова.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, тәуелділік қылмыспен қатар өршіп келеді. Себебі биыл облыста есірткіге қатысты 72 құқықбұзушылық тіркелген. Тіпті заңсыз айналымнан ірі көлемде тыйым салынған заттар тәркіленіпті.

«Өткен жылы 313 құқықбұзушылық анықталып, оның 172-сі есірткі қылмысы болған. 396 келіден астам есірткі тәркіленіп, 10 зертхана жойылды. Сонымен қатар өңірге есірткі жеткізудің 6 арнасы тоқтатылды», – деді ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Дархан Досанов.

Мамандардың айтуынша, нашақорлық мәселесі бүгінде медицинаның шеңберінен шығып, қоғам үшін өзекті қауіпке айналған. Бұл туралы Көкшетауда өткен есірткіге қарсы форумда айтылды. Сондай-ақ сарапшылар басты назарды алдын алу шараларына аудару қажет екенін атап өтті.

Мәди Мәлік. Карина Негметова, Ақмола облысы

Оқи отырыңыз: Темекі тұтқыны: Алматыда созылмалы ауру көбейіп жатыр

Новости партнеров