Биыл Ақмола облысында 30 дан астам адам суға батып кеткен
Ақмола облысында балықшы суға батып кетті. Қайғылы оқиға Бұланды ауданында болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жарлыкөлге балық аулауға аттанған 68 жастағы азамат бір тәулік бойы байланысқа шықпапты. Жақындары дабыл қаққан соң төтеншеліктер мен еріктілер іздеуге кіріскен. Алайда қауіпсіздік күртешесінсіз көлге кеткен зейнеткерді құтқару мүмкін болмады.
Айта кетейік, бұл өңірдегі балықшыларға қатысты алғашқы оқыс жағдай емес.
Жыл басынан бері Ақмола облысында 30 дан астам адам суға кетсе, үшеуі балықшы.
"Жағалаудан 100 метр жерде үрмелі қайық табылды. Оның ішінде балықшының бас киімі мен резеңке етігі бар. Іздеу жұмыстарына Ақмола облысы ТЖД-нің жедел-құтқару жасағы, яғни сүңгуірлер тартылды. Олар шамамен жағалаудан 80 метр қашықтықта, 2 метр тереңдіктен марқұмның денесін алып шықты", - деді Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Оқи отырыңыз: Миллионер әже: Түркістан облысында еріктілер ескі үйдің шатырынан ақша тауып алды