Ер адам аурухананың дәлізінде айғайлап, шу шығарған
Ақмола облысы Шортанды аудандық соты қоғамдық орында тәртіп бұзған тұрғынға қатысты әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Соттың баспасөз қызметіненр хабарлағандай, ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды.
«Сот дерегіне сәйкес, ер адам алкогольдік мас күйінде аудандық аурухананың дәлізінде айғайлап, пациенттер мен кәмелетке толмағандардың көзінше балағат сөздер айтқан. Хирург ескерту жасағанда, ол дәрігердің өзін де балағаттап, қоғамдық тәртіпті бұзуды жалғастырған», - делінген хабарламада.
Медициналық куәландыру оның орта дәрежелі мас күйде болғанын растады.
Жаза тағайындау кезінде сот оның кінәні мойындауын жеңілдететін мән-жай ретінде бағалап, ал алкогольдік масаң күйді ауырлататын мән-жай деп таныды. Сондай-ақ оның тұрақты жұмыс пен табыс көзінің жоқтығы да ескерілді.
Сот қаулысымен ер адам 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен қатар оған алкогольдік ішімдік пайдалануға тыйым салатын ерекше талап белгіленді.
Оқи отырыңыз: Пойыз басып кетті: Қарағанды облысында рельс ауыстырып жатқан 4 жұмысшы қаза тапты