АҚШ-та білімін жетілдірген алматылық ғалым отандық ғылымды дамытпақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Шетелде алған білімімді отандық ғылымның әлеуетін арттыруға бағыттағым келеді». Бұл – АҚШ-тың беделді жоғары оқу орындарының бірінде тағылымдамадан өткен алматылық жас ғалым Гүлдана Ақанованың ұстанымы, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол бір жыл бойы әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеп, студенттердің ғылыми әлеуетін арттыру тәжірибесін меңгерген. Қазір жасанды интеллект пен цифрлық көшірме технологияларын машина жасау саласына енгізуді көздеп отыр.

Ғалымның айтуынша, бұл технологиялар өндірістік жабдықтардағы ықтимал ақауларды алдын ала анықтап, оларды шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді.

«Бұл технологиялар жабдықтарда туындауы мүмкін ақауларды алдын ала анықтап қана қоймай, оларды шешу жолдарын да қарастырады. Мәселен, ұшақ турбинасында қандай да бір ақау туындауы мүмкін екенін цифрлық модель технологиясы арқылы алдын ала болжауға болады. Шетелде алған білімімді ғылымға құштар қазақ жастарына үйретіп, ел болашағына үлес қосқым келеді», – деді Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект академиясы директорының орынбасары Гүлдана Ақанова.

Алдағы уақытта жас маман халықаралық тәжірибесін студенттермен бөлісіп, жас буынның ғылыми ізденісіне жол ашуды мақсат етеді.