Ақшаны жинап, қалтасына басқан: Талғар ауданында трансформатор иесінің қарызы 35 миллион теңгеге жуықтаған

«Алатау жарық компаниясы» АҚ филиалы қарыз төленбей жарық берілмейтінін жеткізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жарық бар деуге ауыз бармайды». Бұл – Гүлдала ауылдық округіне қарасты Құрылысшы елдімекен тұрғындарының жанайқайы. Күн сайын электр жарығы өшіп, қаңтардың қақаған аязында халық бүрсең қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Құрылысшы елдімекені 2015 жылы құрылған. Былтыр ғана Гүлдала ауылдық округінің құрамына еніпті. Осыдан он жыл бұрын тұрғындардың сұранысымен 30 үйге шақталған трансформатор қойылған. Бүгінде бұл қуат көзіне 300-ден астам үй тәуелді. Жүктемесі бірнеше есе артқан желі соңғы жылдары жиі істен шығып, ай сайын төлемді уақытылы төлеп отырған  тұрғындарды әбігерге салған. Қытымыр қыстың суығында балалар ауырып, үлкендер суық үйде бүрсең қағып отыр. Ең сорақысы, ауылдағы ағайын электр қуатынсыз тіршілік нәрін де тұтына алмай отыр.

«Жарық сөнсе бітті, не тамақ жасамаймыз, газ жоқ. Үйдің іші суық. Әсіресе мен сияқты үлкен кісілер үйде дірдектеп отырамыз. Ал енді кішкентай жүгіріп жүрген жердегі балалар бар. Олар, тіпті тоңады. Мәселе өте қиын», – деді Құрылысшы елдімекенінің тұрғыны Төлеуғайша Жақытова

«Үйде ауру адам бар, үлкен кісі бар, кішкентай баламен отырғандар бар. Жылыту маусымында халықты шырылдатып қойып, светті өшіруге құқығы жоқ. Сағат 10:20 шамасында өшкен, сағат 17: 15-те жанды. Суықта үйдегі жылу құбыры да, суда қатады. Электр жарығы өшсе, тіршілік көзі тоқтайды», – деді Құрылысшы елдімекенінің тұрғыны Сырым Үмбетәлиев.

Ал жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар. Алайда оны шешуге қауқарсыз екенін айтады. Себебі елдімекенді жарықпен қамтып отырған трансформатор әкімдік қарамағында жоқ, жекеменшікке тиесілі. Осы уақытқа дейін тұрғындар ай сайын төлеп келген төлемдер де сол нысан иесінің қалтасына түсіп отырған. Соның салдарынан қарыз көлемі артып, мәселе ушыға түскен.

«Жекеменшік болғаннан кейін, проблема бар. Мен бүгін, ертең шешіледі деп айта алмаймын. Ербол деген жігіттің өзімен біз сөйлестік. Ол қарызы бар екенін мойындап отыр, кепілдік хат жазып берді. Қабылдайық десек, 12 млн теңгеге жуықтаған, қарызбен «АЖК» қабылдамайды», – деді Гүлдала ауылдық округінің әкімі Меруерт Мұхтарбекқызы.

Ал Талғар аудандық «Алатау жарық компаниясы» бөлімше басшысының айтуынша, трансформатор иесі Ербол Үкібаевтың электр қуатына қатысты мәселесі тек Құрылысшы елдімекенімен шектелмейді. Ол Айару мен Перизат саяжайларындағы қуат көзіне де иелік етеді. Жалпы жинақталған қарыз көлемі 35 миллион теңгеге жуықтапты. Ал оның ішінде Құрылысшы елдімекеніндегі берешек 14 миллион теңгеге жетіп отыр. Бөлімше басшысының сөзінше, қарыз толық өтелмейінше, жұртқа жарық берілмейді.

«Саяжайдың төрағасы – Үкібаев Ербол. Халықтан ақшаны жинап, бізге толық төлем жасамай жатыр. Сол себепті күн сайын саяжайды өшіруге мәжбүр болып тұрмыз. Өшірер алдында бірақ барлық құзырлы органдарға хабарлама береміз. Қазіргі таңда Құрылысшы саяжайының 14 млн теңгеге жуық қарызы бар. Сол қарыз толық өтелгеннен кейін барып қана өшіру жұмыстары тоқтайды», – деді  «Алатау жарық компаниясы» АҚ филиалы – «Энергосбыт» Талғар аудандық бөлімшесінің басшысы Төлеген Төлеубеков.

Әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, көптен бері қордаланған түйткілді түбегейлі шешудің бірден-бір жолы – трансформатор иесіне ұжымдық арыз жолдау. Тек осы қадамнан кейін ғана қуат көзі әкімдік қарамағына өтпек.

Мәди Мәлік. Жақсылық, Тілепберген, Хангелді Ахметханов

 

Новости партнеров