Ақтау қаласының тұрғындары жылусыз отыр

Мамандардың айтуынша, мәселенің туындауына жылу жүйесіндегі судың жетіспеушілігі себеп болған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтау қаласының тұрғындары екі аптадан бері бүрсең қағып, жылусыз отыр. 19-шағынаудан тұрғындарының айтуынша, үйдегі батареялар суып, пәтерлерде температура төмендеп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жылуға жарымай отырғандардың бірі – Мейрамгүл Оразова. Оның сөзінше, жылу жүйесі бірқалыпты жұмыс істемейді, кейбір пәтерде жылу бар, енді бірінде мүлде жоқ. Мәселенің реттелмей келе жатқанына шамамен 15 күн болған. Шыдамы таусылған жұрт базынасын айтуға жиналды.

«Жылу жоқ, халық наразы. Кішкентай балалар ауырып жатыр. Бір пәтерде бар, бірінде жылу мүлде жоқ. Неліктен? Жауапты азаматтардан жауап жоқ?» – деді қала тұрғыны Мейрамгүл Оразова.

Тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме өкілінің айтуынша, жылудың берілмеуіне техникалық ақау себеп болып отыр. Жүйедегі қысым жеткіліксіз болғандықтан жылу толық таралмайды. Мәселені шешу үшін қуаты жоғары жаңа су айдау қондырғысына тапсырыс берілген. Жабдық апта соңына дейін жеткізілмек.

«Бұрында МАЭКтен, арғы жақта КЖСАдан параметр бойынша қондырылған сорғы арқылы жылу келетін. Қазір олай емес. Іргелес орналасқан тұрғын үйлер күшті сорғы қондырып тастаған. Сол құрылғы апта соңында келеді», – деді қызмет көрсетуші мекеменің басшысы Ғалымжан Қошжанов.

Мамандардың айтуынша, мәселенің туындауына жылу жүйесіндегі судың жетіспеушілігі себеп болған. Сонымен қатар орталықтан берілетін жылу көлемі де жеткіліксіз, қысымы аз. Сәйкесінше температура төмендеп кеткен.

«Сорғыны әкелгенше, мәселені шешеміз. Мамандар жүмы істеп жатыр», – деді «Каспий жылу, су арнасы» МКК Жедел-диспетчерлік қызметінің басшысы Манас Айтжанов

19-шағынауданда бұған дейін де осындай мәселе тіркелген. Қазіргі таңда тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме «жаңа су айдау құрылғысы орнатылғаннан кейін жылу жүйесінің жұмысы толықтай қалпына келеді» дейді.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров