Соңғы 5 жылда мегаполисте жаңа жыл кезінде 68 өрт дерегі тіркелген

ТЖД қызметкерлері арнайы жиын өткізіп, қауіпсіздік мәселесіне бей-жай қарамауға шақырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жаңа жыл қарсаңында отшашуға арналған құрал-жабдықтарды заңсыз түрде сатпақ болғандар анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазіргі күнге дейін олардан 500 келі пиротехника тәркіленіп, 20-дан аса әкімшілік хаттама толтырылған. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері арнайы жиын өткізіп, қауіпсіздік мәселесіне бей-жай қарамауға шақырды. Мерекенің сәніне айналған құрылғыларды дұрыс пайдалану жолын түсіндіріп, ережелерді айтып шықты. Демалыс күндері адам көп жиналатын орындарда тәртіп сақтау керек екенін жеткізді. Қарапайым қағиданы елемегендіктен, соңғы 5 жылда мегаполисте жаңа жыл кезінде 68 өрт дерегі тіркелген.

«Өрт сөндіру бөлімі, құтқарушылар күні-түні дайын отырады. Қазір олардың жұмысы күшейтілді. Департамент қызметкерлері ауқымды іс-шаралар өткізілместен бұрын адам көп жиналатын орындарды, оқу орталықтарын, сауда орындары мен мейрамханаларды тексеріп шығады. Нұсқама береді. Қазіргі таңда қаладағы барлық шыршалар мен оған ілінген жарық шамдар қаралып, қауіп жоқ екені анықталды», – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Данияр Жүсіпов.

Қыста тауға шығатындар саны да көбейетіндіктен, сала мамандары «қауіпсіздікке көп көңіл бөлу қажет» деді. Олар демалушыларға жылы күртеше киіп, табаны қалың аяқ киім таңдауды, ұялы телефонды қуаттап, қосымша шам мен жол сілтейтін құралдарды, дәрі-дәрмек пен тағам түрін алып жүруді ұсынды. Тауға жалғыз шықпауға, қар бораған күні ешқайда бармауға шақырды. Сондай-ақ су айдындарындағы әлі толық қатып үлгермеген мұзды баспауға кеңес берді.

Атап өтейік, Алматы тауларында 4 құтқару бекеті де жұмыс істеп тұр. Ал биылдың өзінде құтқарушылар 600-ден аса адамға көмек беріп үлгеріпті.

Оқи отырыңыз: Алматы ТЖД тұрғындарды жұқа мұзды баспауға шақырды

Новости партнеров