Бұл – қызметтік парызды адал атқарумен қатар, нағыз азаматтық жауапкершіліктің көрінісі
Ақтауда полиция қызметкерлері Каспий теңізіне суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқарып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дауылды күні теңіз сапырылып, қатты толқын болған. Осындай қолайсыз ауа райында Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Абдурахим Сәтешов пен Азамат Қарабалаев ерліктің үлгісін көрсетті. Бейнежазбада тәртіп сақшыларының теңізге батпақ болған баланы құтқарғанын анық көруге болады. Олардың айтуынша, өзіне қол салмақ болған жасөспірім теңіз жағасынан шамамен 100 метр алшақтап кеткен. Жауапты сәтте сақшылар өмірін қатерге тігіп, жеткіншекті құрлыққа аман алып шыққан.
«Теңіздің ортасына қарай кетіп бара жатыр. Тастан өтіп кетсе, құтара алмайтын едік. Тасқа дейін барып үлгердік. Оңай болған жоқ. Мен етікпен жүрдім. Ауа райы жел соғып, салқын болды. Теңіз толқынымен алысып, баланы алып келдік», – деді Полиция басқармасы Патрульдік полиция батальонының инспекторы Абдурахим Сәтешов.
Полиция қызметкерлері жасөспірімді судан шығарып алған соң, әрі қарай арнайы мамандарға тапсырған. Абдурахим мен Азаматтың сөзінше, олар мұндай оқыс оқиғаларға әрдайым дайын. Олар «ызмет барысында түрлі жағдайға тап болған тұрғындарға көмек көрсетіп, олардың өмірін сақтап қалу – басты міндетіміз» дейді.
«Ысқырғыш құралмен ысқырдық, айқайладық. Бізге қарамағандықтан жедел әрекетке көшу керек болды. Күнделікті жұмысымыз ғой. Әріптесіммен бірге суға жедел сүңгіп кеттік. Адамның өмірі сақтау – маңызды», – деді Полиция басқармасы Патрульдік полиция батальонының инспекторы Азамат Қарабалаев.¤
Осылай жедел әрі кәсіби әрекеттің нәтижесінде адам аман қалып отыр. Бұл – қызметтік парызды адал атқарумен қатар, нағыз азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет
Оқи отырыңыз: Ерлік – тәрбие жемісі: Алматыда патриоттық форум өтті