Қалада сауда жүргізуге арналған арнайы орындар белгіленбек
Ақтауда заңсыз дүңгіршектер орнынан алынып жатыр. Қалада тиісті құжаттары жоқ әрі санитарлық талаптар сақталмаған сауда орындары жіпке тізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Заң талаптарына сәйкес келмейтін дүңгіршектер теңізге апаратын жартас маңынан да табылған. Мамандардың айтуынша, мұндай нысандарда сатылатын азық-түліктің қауіпсіздігі мен санитарлық жағдайды бақылау қиын. Сонымен қатар ретсіз орналасқан дүңгіршектер қаланың сыртқы келбетін де көмескілеп тұр.
«Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлікке кедергі келтіру емес, тұрғындарға қолайлы орта, жағдай жасау. Осыған дейін де Ақбота саябағы бойынша да жұмыстар жүргізілді. Одан кейінгі тұрғындардан көп арыз түсетін 14-шағынаудан, теңіз жағасына өтетін кездерде кедергі келтіреді. Балаларымыз да тамақтанып жатыр, санитарлық қауіпсіздігі деген сияқты мәселе көп», – деді қала әкімінің орынбасары Бекнұр Бәлиұл.
Енді қалада сауда жүргізуге арналған арнайы орындар белгіленбек. Ол үшін кәсіпкерлер қажетті құжаттар рәсімдеуі қажет. Рейд кезінде анықталған 10 заңсыз дүңгіршек арнайы айып тұрағына орналастырылды. Құжаты барлар иесіне қайтарылады. Ал заңсыз нысандардан босатылған аумақтар абаттандырылып, тұрғындарға қолайлы орта жасалады.
Оқи отырыңыз: Шымкентте кішкентай қызды зорламақ болған ер адам сотталды