Ғасырлық шежіре: Алматыда «Ақиқат» журналының 105 жылдығы аталып өтті

22.09.2026 19:51

Мерейтойлық жиында журналдың ғасырдан астам тарихы сараланып, оның бүгінгі бағыты мен алдағы жоспары да сөз болды

«Қазақ баспасөзінің ақсақал абызы». Алматыда «Ақиқат» журналы 105 жылдығын атап өтті. Ғасырдан аса тарихы бар басылымның мерейтойына орай Ұлттық кітапханада ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Жиында ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері бас қосты, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.

Басылым тарихы тереңнен бастау алады. Әуелде «Қызыл Қазақстан» деп аталған журнал 1921 жылдың 15 қыркүйегінде Орынборда жарық көрді. Басылымның дүниеге келуіне сол кезеңде автономиялы республикаларда ана тіліндегі баспасөзді дамытуға бағытталған шешім негіз болды. Алғашқы жылдардан-ақ журнал қоғамдық-саяси мәселелермен қатар, білім мен мәдениет, ауыл шаруашылығы, жер, әлеуметтік жағдай және халық тұрмысы секілді өзекті тақырыптарды көтерді. Басылым тарихы қазақтың көрнекті қайраткерлерінің есімімен тығыз байланысты. Әр жылдары оның тізгінін Абдолла Асылбеков, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов және басқа да тұлғалар ұстады. Ал журнал бетінде Жүсіпбек Аймауытұлы, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сынды әдебиет алыптарының шығармасы жарық көрді.

«Меніңше, қазақ баспасөзінің «Егемен Қазақстан» төресі болса, «Ақиқат» журналы ақсақал абызы. Алғашқы сандарынан-ақ ол өткір мәселелерді қозғап, жұрттың жүрегіне жол таба білді. Менде «Ақиқат» журналында 24 жыл қызмет еттім», – деді жазушы, публицист Сарбас Ақтаев.

Бір ғасырдан астам уақыт ішінде журналдың атауы бірнеше рет өзгерді. «Қызыл Қазақстаннан» кейін басылым «Қазақстан большевигі», «Қазақстан коммунисі» деген атаумен жарық көрді. Ал 1991 жылдан бастап «Ақиқат» деп аталды. Басылым тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі – «Үшеудің хаты». 1922 жылы журналға жетекшілік еткен Ерғали Алдоңғаров Смағұл Сәдуақасұлы және Әбдірахман Байділдинмен бірге қазақ жастарын шетелде оқытып, елге қажетті маман даярлау мәселесін көтерді.

«Бұл – тарихи журнал. Қазақ қоғамының ойын қалыптасуына қызмет еткен журнал. Елімізге белгілі белгілі ұлт қайраткерлері, Алаш арыстары қызмет жасаған. Сол дәстүр бүгін де жалғасын тауып отыр. Алдағы жоспары – Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға үлес қосу, қоғамдық ойдыдамыту. Ғылым, ұлт, тіл, мәдениет тағы да басқа салалардағы мақалаларды жариялау арқылы қоғамдық ойдың мінбері болуды «Ақиқат» журналы ары қарай да жалғастыра береді», – деді  «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан Төребаев.

Мерейтойлық жиында журналдың ғасырдан астам тарихы сараланып, оның бүгінгі бағыты мен алдағы жоспары да сөз болды. Сондай-ақ іс-шара барысында «Алаштың ақиқаты» атты мерейтойлық-естелік кітаптың тұсауы кесілді. Бүгінде «Ақиқат» – ел тарихы, ұлттық құндылықтар, ғылым, тіл, мәдениет пен қоғам мәселелерін қамтитын ұлттық қоғамдық-саяси басылым. Ал оның ғасырдан астам уақыттан бері сақталған мұрасы – қазақ қоғамының әр кезеңінен сыр шертетін құнды шежіре.
Олжас Омарбек, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Кітап оқитын ұлт: Димаш Құдайберген бастамаға үн қосты

 

 

Толық көрсету