Коррекциялық орталықта ойнап отырған Нұрәлі терезеден ұшқан шардың соңынан қуамын деп құлап кеткен
Ақтауда коррекциялық орталықтың үшінші қабатынан құлаған 8 жастағы ерекше қажеттілігі бар бала көз жұмды. Бір айдан астам уақыт өмір үшін күрескен Нұрәлі Рухламинов ауыр жарақат салдарынан қайтыс болды. Қайғылы оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бұл кадрларды көру оңай емес. Коррекциялық орталықта ойнап отырған Нұрәлі терезеден ұшқан шардың соңынан қуамын деп құлап кеткен. Бейнежазбадан оның терезенің жақтауынан ұстап, салбырап тұрғаны көрінеді. Сол сәтте қасындағы тәрбиеленуші бала терезені жауып жіберіпті. Салдарынан Нұрәлінің қолы қысылып, ол үшінші қабаттан төменге құлаған. Атасы Мақсат Дәулетов жағдайды естіп, орталыққа жетемін дегенше баланы жедел жәрдем ауруханаға алып кетіпті. Құлаған кезде оның екі қолы мен мұрны сынып, іш-құрылысына қатты зақым келген.
«Жағдайды сол жерде білдім. Айтуларына қарағанда баланы 3-4 баланы бөлмеге қамап тастаған. Түстің мезгілі, өздері тамақтанып жатты ма, білмедім? Балалар ойнап жүріп, біреу терезе ашқан, біздің бала барып қараймын деп шыққан, екінші бала терезені жауып, ұлым ұшып кеткен», – деді марқұмның атасы Мақсат Дәулетов.
Дәрігерлер Нұрәлінің өмірін сақтап қалу үшін бір айда төрт мәрте ота жасаған. Кейін санавиациямен Алматыға жеткізіпті. Бірақ нәтиже болмаған. Ұйқы безіне жасалған кезекті отадан кейін Нұрәлі есін жия алмай көз жұмды. Марқұмның туыстары ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне жауаптылардың әрекетіне қатысты сұрақ көп екенін айтады.
«Баланы 2025 жылы қарашадан бастап бергенбіз. Ең жоғарғы төлем жасап отырдық.. Бала ерекше болғасын қарасын, адам бөлінсін деген ой еді. Естуімше, сол күні бір тәрбиеші сұранып кеткен, екінші тәрбиеші қарамағында 10-нан көп бала болған, бөлек-бөлек қызмет көрсетемін деп жартысын қамаған болып тұр», – деді марқұмның атасы Мақсат Дәулетов.
Қара жамылған отбасының айтуынша, Нұрәлінің есту қабілетінде ерекшелік болғанымен, өте зерек еді. Жаңа ортаға бейімделіп, көптеген дағдыларды меңгеріп жүрген. Баланың жетістігіне қуанған ата-ананың үміті енді қайғыға ұласты. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған.
«Бұл жерде қауіпсіздік мәселелері қарастырылмаған. Терезесіне темір тор қондырылмаған. Балаларды қараусыз қалғандықтан қиын жағдай болып тұр. Бойтұмар жекеменшік балабақша болғандықтан, өзі ешқандай бір келісімшартқа отырмай, үшінші қабатта тұрған бөлмелерін коррекциялық орталыққа беруі – негізі заңсыз», – деді Маңғыстау облысы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Тілектес Аманқосқызы.
Қазір орталық жұмысын тоқтатқан. Сарапшылардың айтуынша, әсіресе ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар баратын орталықтарда бақылау мен қорғаныс шаралары бірнеше есе күшейтілуі қажет. Немересі үшін шырылдаған Мақсат Дәулетов салғырттыққа жол берген адамдар тиісті жазасын алсын деп отыр.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Мектеп мұғалімі екен: Арыста 3 адамның өмірін қиған жүргізуші туралы жаңа деректер белгілі болды