Жол апаты кезінде тағы бір 30 жастағы әйел мен оның 1,5 жасар баласы ауыр жарақат алған
Түркістан облысында ішімдікке сылқия тойып алған әйел 5 адамды көлікпен басып кетті. Салдарынан 2 бала мен жүкті әйел оқиға орнында көз жұмды. Тағы 2 адам ауыр жарақат алып, ауруханада жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жантүршігерлік жол апаты Арыс қаласында болған. Жоғары жылдамдықпен жүйткіген көлік жекеменшік үйдің қоршауын бұзып кіріп, аулада отырған адамдарды қағып өткен. Салдарынан құрсағында екі айлық нәрестесі бар келіншек пен оның 2 жастағы баласы мерт болды. Сондай-ақ көрші үйдің 5 жастағы бүлдіршіні де оқиға орнында көз жұмған.
«Кішкентайымызды машина соққан, топырақтың астынан тауып алдық. Келінімізді қораның ішіне қарай ұшырып жіберген», – деді марқұм келіншектің қайын ағасы Ғани Айдаров .
Марқұм келіншектің артында үш баласы жетім қалды. Ең сорақасы, бүлдіршіндер анасының қазасын өз көзімен көріпті. Бүгінде олар апат болған үйде тұрғысы да келмейтін халге түскен.
«Кеше түнде жатайын деп жатсақ, анасын іздейді. Жүрегімді тіліп өттті. Қайдан тауып берем? Жаным ау, осыдар қор болмай өссе екен», – деді марқұм келіншектің енесі Ағайша Манатова.
Жол апаты кезінде тағы бір 30 жастағы әйел мен оның 1,5 жасар баласы ауыр жарақат алған. Дәрігерлер науқастардың жағдайын өте ауыр деп отыр. Әйелдің тізесі сынып, басы шайқалса, бүлдіршіннің бес қабырғасы мен сол жақ саны зақымданған.
«1 жас 6 айлық бала реанимация бөліміне жатқызылды. Өте ауыр жағдайда келді. Миының шайқалуы мен оң жақ кеуде тұсының көптеген жабық сынығы мен сол жақ санның жабық сынуымен, жарақаттың шокпен реанимация бөліміне жатқызылды», – деді Арыс аудандық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Айдар Акбаров
Бүгінде 52 жастағы күдікті әйел қамауға алынған. Қазір полиция істің ақ-қарасын анықтап жатыр.
«Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, Арыс қаласында JAC маркалы автокөліктің жүргізушісі мас күйінде бірнеше адамды қағып, қашып кеткен. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», – деді Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетсек, күдікті әйел мектепте қазақ тілі пәнінен сабақ береді. Ауыл тұрғындары оның бұған дейін де ішімдікке жиі әуес болғанын айтады. Тіпті кейбірі оны апат болған күні 35 жылдық сыныптастар кездесуінен шыққан деседі.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысынан.
Оқи отырыңыз: Ақшаны алып, жоқ болған: желіде жалған жарнама таратқан күдікті анықталды