Олар құрылысқа қатысты барлық құжатты ашық көрсетуді талап етіп отыр
Ақтаудағы 17-шағынауданның тұрғындары жаңадан салынғалы жатқан құрылысқа қарсы, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Наразылық білдірген жұрттың айтуынша, құрылысы енді басталатын нысан шағын ауданның инженерлік желісіне қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені аумақты электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған трансформатор құрылыс алаңының қақ ортасында тұр. Осыған дейін де бас біреулер электр желісін зақымдап, әлеумет әбігерге түскен. Сондықтан «жұрт тағы да электр қуатынсыз қаламыз ба?» деп үрейленеді.
«Тұрғындарға қатты тиіп тұр, себебі біз басымыздан өткіздік. Тоқтың болмай қалғанын, ақша жинап солярка сатып әкеліп генераторды жүргізген кездер болған. Сондықтан оны қайтадан басымыздан өткізгіміз келмейді», – деді тұрғын Ерлан .
Тұрғындар құрылысқа қатысты барлық құжатты ашық көрсетуді талап етіп отыр. Айтуларынша, құрылыс алаңында салынатын нысан туралы ақпарат жоқ, оған қоса паспорты да ілінбеген.
«Құрылыс салушының рұқсат құжаттарынсыз жұмыс жүргізіп, құрылыс бастағанына қарсымыз. Қандай нысан салынып жатқаны туралы ақпарат жоқ, нысан паспорты да ілінбеген. Бізге ешқандай рұқсат құжаттары көрсетілмеді. Айналасындағы тұрғындардың алдынан өтпеген», – деді Пәтер иелері бірлестігінің төрағасы Гүлсім Біржанова.
Ал қала әкімдігі өкілдері болса, нақты шешім қабылданбағанын айтты. Мамандардың сөзінше, жоғары кернеулі кабель мен трансформаторлық станция орналасқан жер әкімдіктің меншігінде. Сонымен қатар тұрғындардың келісімінсіз ешкім тиісе алмайды.
«Сіздің келісіміңізсіз трансфарматор қозғалмайды. Солай айтылды болды. Солай жиналыста айтылды ғой», – деді Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бексұлтан Шалабаев.
Ал дау туғызған құрылыс компаниясының өкілдері кездесуге келмеді. Әкімдік қызметкерлері болса, кез келген жоба алдымен халыққа таныстырылып, оң пікірден кейін ғана жұмыс басталатынын мәлімдеді. Алайда тұрғындар мәселе толық шешілгенше бақылауды тоқтатпайтынын айтты.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Атырауда жәндіктерден зардап шеккендер көбейді