New Vision Forum: Алматыда кәсіпкерлерге арналған жаңа академия іске қосылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елде кәсіпкерлерге арналған жаңа бизнес-академия іске қосылады. Бұл туралы Алматыда өткен халықаралық New Vision Forum 2026 алаңында жарияланды. Үш күнге созылатын форумға 4500-ден аса қатысушы мен екі жүзге жуық бизнес өкілі жиналды. Әлемдік деңгейдегі сарапшылар, кәсіпкерлер мен жасанды жады мамандары және бестселлер авторлары бизнес жүргізу, көшбасшылық пен жеке даму тақырыптарында тәжірибе алмасты,  деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Әлемдік деңгейдегі спикерлердің басын қосқан New Vision Forum 2026 аясында кәсіпкерлерге арналған жаңа білім беру жобасы таныстырылды. Форумда қатысушылар бизнес пен инновация тақырыптарын қозғады. Ірі компаниялардың жетекшілері өз тәжірибелерін бөлісіп, кәсіпті басқару, стратегия құру және көшбасшылық бағыттары бойынша дәріс оқиды.

«Бұл кәсіпкерлік ортаның дамуына үлкен серпін береді деп ойлаймыз. Себебі тәжірибелі кәсіпкерлер жеңісімен қатар, қателіктері мен дағдарыс кезеңдерінен алған сабағын да ашық бөліседі. Мұның барлығы еліміздегі бизнес құру мәдениетін жаңа деңгейге көтереді. Форумның соңына дейін бірнеше компания өзара келісімшартқа отырып, жаңа жобаларды қолға алады. Жылда бұл үрдіс жемісті нәтиже беріп жүр, – деді New Vision форумының негізін қалаушы Мақсат Құрбенов.

Спикерлер қатарында Еуропалық комиссияның экс-төрағасы Жозе Мануэл Баррозу, цифрлық экономиканы зерттеуші Дон Тэпскотт, жасанды интеллект саласының сарапшысы Люк Джулия және әлемге әйгілі психолог «Ерлер Марстан, әйелдер Шолпаннан» бестселлерінің авторы Джон Грей бар. Олар жаһандық өзгерістер жағдайында бизнесті дамыту мен тиімді коммуникация құрудың маңызына тоқталды.

«Әйелдер үшін олардың сөзін тыңдап, түсіну маңызды болса, ер адамдар үшін сенім мен құрметті сезіну аса қажет. Осы ерекшеліктерді ескеріп қарым-қатынас құрған кезде адамдардың өзара түсіністігі артып, күйзеліс деңгейі төмендейді. Бұл жұмысқа да, жеке өмірге де оң әсер етеді. Мен өз дәрісімде адамдардың түсіністік табу тетіктері мен күйзеліске батпау жолдарын кеңінен қозғаймын», – деді психолог, бестселлер авторы Джон Грей (АҚШ).

Форумда кәсіпкерлерге арналған халықаралық бизнес-экспедициялар бағдарламасы да таныстырылды. Тамыз айында отандық кәсіпкерлер Африканың төрт еліне аттанып, жаңа нарықтардың мүмкіндігін зерттейді. Ал күзде Кремний алқабына барып, әлемдік технологиялық компаниялар мен инвесторлардың тәжірибесімен танысады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа академия мен халықаралық экспедициялар қазақстандық бизнес өкілдерінің білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек

Новости партнеров