Ақтөбе, Қызылорда және Жетісу облыстарында жол қозғалысы уақытша шектелді

Almaty.tv
Almaty.tv

Жол қозғалысын 2025 жылғы 30 желтоқсан сағат 08:00-де қайта ашу жоспарланған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ауа райының бұзылуына байланысты 29 желтоқсанда сағат 19:30-дан бастап республикалық маңызы бар бірқатар автожолдарда жүк және қоғамдық көлік түрлерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ақтөбе облысында «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автомобиль жолының 776-1240 шақырым аралығындағы учаскесінде, яғни «ЭКО ойл» жанармай құю станциясынан Қызылорда облысының шекарасына дейін қозғалыс шектеледі.

Қызылорда облысында аталған автожолдың 1240-1362 шақырым аралығында, Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейін жүк және қоғамдық көлік қозғалысына уақытша тыйым салынады.

Жол қозғалысын 2025 жылғы 30 желтоқсан сағат 08:00-де қайта ашу жоспарланған.

Сонымен қатар 2025 жылғы 29 желтоқсан сағат 18:00-дегі жағдай бойынша ауа райының қолайсыздығына байланысты Жетісу облысында республикалық маңызы бар бір автожолда көлік қозғалысына шектеу қойылған. Атап айтқанда, «Үшарал – Достық» автожолының 84-164 шақырым аралығында, Көктұма ауылы мен Достық станциясы бағытында қозғалыс уақытша тоқтатылған.

"Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп-ұстау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 765 арнайы техника жұмылдырылған", - деп жазды ҚазАвтоЖолдан.

Жолдағы ахуал туралы қосымша ақпаратты тәулік бойы 1403 байланыс орталығына хабарласу арқылы алуға болады.

Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер: Жамбыл облысында ауыл тұрғындары ауыз сумен қамтылды

 

Новости партнеров