Ақтөбе облысында бензин тұтанып, екі жұмысшы ауруханаға түсті

15.10.2026 16:55

Өрттің нақты себебін арнайы комиссия анықтайды

Ақтөбе облысында бензин тұтанып, екі жұмысшы ауыр күйікпен ауруханаға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алдын ала мәлімет бойынша, «Қазақстан темір жолы» компаниясына қарасты қорғаныш орман екпелері дистанциясының қызметкерлері қозғалтқыш бөлшектерін бензинмен жуып жатқан. Жанармайды бөшкеден басқа ыдыстарға құю кезінде от тұтанып, екі ер адамды жалын шарпыған. Зардап шеккендер шұғыл түрде Шалқар аудандық ауруханасына жеткізілді.

Әсіресе, 46 жастағы жұмысшы қатты күйген. Денесінің 80 пайызға жуығын күйік шалып, тыныс алу жолдары, беті, екі қолы мен денесі ауыр жарақаттанған. Ал 23 жастағы әріптесінің қол-аяғы мен денесі күйген. Өрттің нақты себебін арнайы комиссия анықтайды.

"Бүгінгі таңда комиссия құрамы анықталды. Мемлекеттік еңбек институты комиссияға кіреді. 10 күн бойы тергеп-тексеруді жүргізеді. Сұраныстар жасайды, түсініктемелер алады. Сараптама қорытындысы бойынша комиссия анық-қанығын анықтайды", - деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті облыстық департаменті басшысының орынбасары Талғат Искарин.

Оқи отырыңыз: Маңғыстауда аурухананың бас есепшісі 7 жылға сотталды

Толық көрсету