Маңғыстауда аурухананың бас есепшісі 7 жылға сотталды
Ол 32 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған
Маңғыстау көп бейінді облыстық ауруханасының бас есепшісі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол бес жыл бойы бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан да айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бас прокуратураның хабарлауынша, ведомство тексеруі барысында ауруханада 32 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталған.
Тергеу мәліметінше, бас есепші танысымен алдын ала сөз байласып, бюджет ақшасын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың есепшоттарына аударған. Кейін қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.
"Сот екі сотталушының да кінәсін толық дәлелденген деп таныды. Бас есепшінің сыбайласына 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды", - делінген прокуратура хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Оқи отырыңыз: Шыңғыс Айтматов -100: Алматыда «Арқау» халықаралық көрмесі ашылды