Ақтөбе облысында дауылдан кейін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр

10.07.2026 20:59

Қазір зардап шеккен екі адам аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр

Ақтөбе облысындағы Қарауылкелді ауылында алапат дауылдан зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Кеше Байғанин ауданының орталығында соққан қатты жел тұрғын үйлер мен ғимараттарға зақым келтіріп, ұялы байланыс мұнарасын құлатқан. Соның салдарынан бірнеше адам жарақат алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Аз уақыт ішінде екпінді жел тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттардың шатырын жұлып әкетіп, биіктігі 47 метр болатын ұялы байланыс мұнарасын құлатқан. Ауыр конструкция дүкеннің үстіне құлаған кезде ішінде адамдар болған. Құтқарушылар алты адамды, оның ішінде үш баланы дер кезінде шығарып үлгерген. Оқиға салдарынан үш адам жарақат алған. Олардың бірі – жүкті әйел.

«Байғанин ауылында болған оқиға салдарынан жүкті әйел санитарлық авиация желісі арқылы Ақтөбе қаласындағы №1 қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Науқас ауруханаға түскеннен кейін бейінді мамандардың қарауынан өтті. Атап айтқанда, реаниматолог, травматолог, нейрохирург, хирург, гинеколог және терапевт тексерді. Сондай-ақ қажетті диагностикалық және емдеу шараларының толық кешені жүргізілді», – деді №1 қалалық көпсалалы ауруханасының травматолог дәрігері Айдын Жылгелді.

Қазір зардап шеккен тағы екі адам аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің мәліметінше, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ал Қарауылкелді ауылында апат салдарын жою жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметінің мамандары бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруде. Арнайы жылжымалы кешендердің көмегімен елді мекендегі байланыс толық қалпына келтірілді. Қазір мамандар зақымданған нысандарды тексеріп, келген шығын көлемін анықтап жатыр.

«Дауылға байланысты ескерту алдын ала жарияланып, барлық әлеуметтік желі арқылы таратылды. Желдің екпіні белгіленген мөлшерден асты. Қазір оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр. Жедел штаб құрылып, болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталуда», – деді Ақтөбе облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Аманшев.

Айта кетейік, өңірде дауылға байланысты ескерту алдын ала жарияланған. Мамандардың айтуынша, желдің екпіні секундына 20 метрден асқан. Қазір оқиға орнында сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Табиғи апаттың салдары мен мән-жайы жан-жақты зерттелуде.

Айжан Дайрабай, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе

Оқи отырыңыз: Қазақстанда QR арқылы криптовалютамен төлем жасау іске қосылады