Ақтөбе облысының тас жолдарында 80-ге жуық адам қар құрсауында қалды

06.03.2026 21:22

Автобуста болған 62 адам Шымкенттен Қазан қаласына бағыт алған

Ақтөбе облысының тас жолдарында 80-ге жуық адам қар құрсауында қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күн райының күрт бұзылып, боранның күшеюінен бірқатар бағытта қозғалыс қиындап, құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Әсіресе Хромтау ауданында жағдай қиындап, арнайы құтқару операциясы ұйымдастырылды. Төтеншеліктер жеңіл көлікпен өте алмай қалған 17 тұрғынды, оның ішінде үш баланы эвакуациялады. Ал тас жолдың бойында бұзылып қалған жолаушылар автобусының ішінен тағы 60-тан астам адам шығарылды. Құтқарушылар оларды жақын маңдағы құтқару пунктіне жеткізді. Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, автобуста болған 62 адам Шымкенттен Қазан қаласына бағыт алған.

«Шымкент– Қазан бағыты бойынша келе жатқан жолаушылар автобусы бұзылып, жолда тоқтап қалған. Құтқарушылар автобустағы 62 Өзбекстан азаматын эвакуациялап, оларды жылыту пунктіне орналастырды. Азаматтарға жолға шығар алдында сақтық шараларын сақтау ұсынылады», – деді Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Көкшетауда оқушы қыз автобус есігіне қысылып, ауыр жарақат алды

Теги: құтқарушы