Ақтөбеде аурухана заңсыз қоқыс үйіндісі үшін жауапқа тартылды

Полиция қызметкерлері аталған жағдайға әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбадан кейін назар аударған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбедегі ауруханалардың бірі заңсыз қоқыс үйіндісі үшін жауапқа тартылды. Полиция қызметкерлері аталған жағдайға әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбадан кейін назар аударған, деп хабарлайды Almaty.tv

Ондағы кадрда далалық аумақта құрылыс қалдықтарының төгілгені анық көрінеді. Тәртіп сақшылары бірден оқиға орнына жетіп, тексеріс жүргізген. Нәтижесінде қоқыс үйіндісінің арасынан медициналық мекемелердің біріне тиесілі қызметтік құжаттар мен есепке алу журналы табылған. Дәл осы айғақтар жауаптыларды анықтауға мүмкіндік беріпті. Полиция қызметкерлерінің араласуынан кейін медициналық мекеме өкілдері құрылыс қалдықтарын өз күшімен шығарып, заңсыз қоқыс үйіндісін толық жойған.

«Кінәлі тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары құқық бұзушылармен абаттандыру қағидаларын сақтау жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Полиция департаменті тұрғындар мен ұйымдарды экологиялық талаптарды сақтауға және қалдықтарды тек арнайы белгіленген орындарға шығаруға шақырады», – деді . Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Күнбағыс алқабындағы әдемі кадр: 25 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды