Ақтөбеде бір жыл бұрын уәде етілген жол жұмыстары әлі басталмады

07.08.2026 20:50

Жергілікті биліктің мәліметінше, жобаның жалпы құны 1 миллиард 700 миллион теңгеге бағаланған

«Уәде берілгеніне бір жыл болды, бірақ жол әлі жоқ». Ақтөбедегі аудан тұрғындарының базынасы – осы. Былтыр 6 көшеге күрделі жөндеу жүргізілетіні айтылған. Бірақ жұмыс әлі  басталмаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілішісі. 

Кезінде саяжай болған бұл аумақта қазір еңселі үйлер бой көтерген. Мұнда 150-ге жуық отбасы тұрады. Газ, жарық, ауыз су секілді тіршілікке қажетті инженерлік желілер толық тартылған. Бірақ жол мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппапты.

«Қыста көшені қар басады, ал жазда бабалар балабақшаға бара алмайды», – деді қала тұрғыны Дәметкен Талбекова.

Тұрғындардың сөзінше, өткен жылы 6 көшеге күрделі жөндеу жүргізілетіні хабарланып, мердігер де анықталған. Алайда нақты жұмыс басталмай, жоба қағаз жүзінде қалып қойған.

«Қазір тамыз айы. Артынша күз келеді, жаңбыр жауады, алаңдататыны –  жол биыл біте ме, бітпей ме деген мәселе. Жұмыс созыла берген сайын, оның сапасына да, құнына да әсер етеді. Қазір бәрі қымбаттап жатыр, құрылыс материалдарының бағасы да күн санап өсіп келеді. Сондықтан жолдың тағы кейінге шегеріле бергенін қаламаймыз», – деді қала тұрғыны Өмірбек Жұлымбетов

Жергілікті биліктің мәліметінше, жобаның жалпы құны 1 миллиард 700 миллион теңгеге бағаланған. Өткен жылы мердігерге алғашқы қаржы бөлініп, жұмыс та басталған. Алайда көп ұзамай құрылыс тұралап қалыпты.

«2025 жылы аталған жобаға 120 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, инженерлік желілерді көшіру, газ футлярларын орнату жұмыстарын жүргізген. Аталған жоба бойынша, мердігер мекеме биыл қаржыны күтіп отыр. Ақша алғанда құрылыс жұмыстары жалғастырады», – деді ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Есет Кенжебек.

 Қазір жауапты мекемелер қосымша қаржының бөлінуін күтіп отыр. Ал жол құрылысының қашан қайта жанданары белгісіз. Сондықтан тұрғындарға әлі біраз уақыт шұрық-тесік көшелермен қатынауға тура келеді.

Мәди Мәлік. Наталья Лаврентьева

Оқи отырыңыз: Өндірістегі қауіпсіздік: Қостанай облысында 56 жастағы жұмысшы көз жұмды

Толық көрсету