Ақтөбеде радиоактивті уран сатпақ болғандар ұсталды

21.12.2025 16:24

ҰҚК аса қауіпті заңсыз мәміленің жолын кесті

Depositphotos.com

Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген арнайы операция барысында Ақтөбе қаласының екі тұрғыны және олардың Шымкент қаласындағы сыбайласы қолға түсті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Өзбекстан азаматы салмағы бір келіге жуық уранды заңсыз иемденіп, оны сату мүмкіндігі барын Шымкенттегі танысына айтқан. Ал ол өз кезегінде мәмілеге Ақтөбенің екі тұрғынын тартып, радиоактивті затқа сатып алушы іздеуді бастаған.

«Қыркүйек айында уран Шымкенттен Ақтөбеге жеткізіліп, жеңіл көліктің жүк салғышында тасымалданған. Алдағы келісім туралы ақпарат ҰҚК-ге белгілі болған соң, арнайы қызмет жалған сатып алушыны іске қосты. Операция барысында 500 мың АҚШ долларынан асатын сомадағы ақша муляжы пайдаланылды», – деп жазады жергілікті басылым.

«Сатушылармен» кездесу қала сыртындағы орман алқабында өтіп, сол жерде үшеуі де қолға түсті. Тәркіленген зат сараптамаға жіберіліп, оның радиоактивті уран екені расталды.

Сот отырысында айыпталушылар кінәларын толық мойындады.

«Ақтөбенің екі тұрғыны екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Шымкенттен шыққан сыбайласына бұрын сотты болғаны үшін қатаңырақ жаза тағайындалды. Сот шешіміне сәйкес, тәркіленген уран жойылуы тиіс», – делінген жарияланымда.

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында полиция есірткі арнасының жолын кесті