Қылмыстық топ құрамында 9 адам болған
Ақтөбеде жүк көліктерін заңсыз тіркеген қылмыстық топтың ісі сотқа жолданды. Тергеу мәліметіне сәйкес, күдіктілер Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында 82 жүк көлігін заңсыз тіркеген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қылмыстық топ құрамында 9 адам болған. Тіпті олардың арасында автоинспектор мен нотариус қызметкерлері де бар. Күдіктілер клиенттерді мессенджерлер мен интернет арқылы тауып, көліктерді міндетті төлемдерсіз тіркеуді ұсынған. Келісім жасалғаннан кейін ұйымдастырушы көлік деректерін ішкі істер органдарының қызметкеріне жолдап отырған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол бұрын есептен шығарылған, техникалық сипаттамалары ұқсас көліктерді іріктеп беріпті. Қазір бес адам қамауға алынып, тағы үш күдікті үйқамаққа жіберілген. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
«Жалған сатып алу-сату шарттары мен сенімхаттар рәсімделіп, құжаттар арнайы ХҚКО арқылы өткізіліп, көліктер заңсыз тіркелген. Нотариустық әрекеттер заңды иелердің қатысуынсыз жүргізілген. Салдарынан мемлекетке 705 млн теңге көлемінде шығын келтірілді. Сот санкциясымен күдіктілердің 2,4 млрд теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Астанадағы LRT: кімдерге жеңілдік бар