Ақтөбеде бау-бақша тұрғындарының мәселесіне әкімдік жауап берді

07.07.2026 19:55

Жарық мәселесі коммуналдық меншікке өткеннен кейін шешілмек

Ақтөбеде бау-бақша серіктестіктерінің бірі бірнеше жылдан бері жарыққа жарымай отыр. Электр энергиясының жетіспеуінен тұрмыстық техника жиі істен шығады, дейді тұрғындар. Оның үстіне су тартатын қондырғылар да жұмысын тоқтатып, шілденің аптап ыстығында халық ауызсу тапшылығын көріп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ақтөбедегі бұл бау-бақша ұжымының басты мәселесі – электр энергиясының тапшылығы. Тұрғындар жарық мәселесін айтып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Ең қиыны, кернеудің төмендігінен тұрмыстық техника жиі істен шығады. Ал электр қуаты болмағандықтан, су да болмайды. Себебі тіршілік нәрін тереңнен тартатын сорғы қондырғылары жұмысын тоқтатады.

«Не теледидар қоса алмаймыз, не кір жуатын мәшинені іске қоса алмаймыз. Су жоқ. Оқу жылы басталғанда тіпті қиын. Балалар сабақтарын дұрыс оқи алмайды. Жарық қайта-қайта сөне береді», — деді қала тұрғыны Кенжетай Дайрабай.

Қазір бұл бау-бақша ұжымында жүзге жуық отбасы тұрақты тұрады. Қалғандары маусымдық уақытта ғана келеді. Бірнеше жыл бұрын тұрғындар жер учаскелерін жеке тұрғын үй құрылысына пайдалану құқығын алған. Алайда электр энергиясына қатысты мәселе әлі күнге дейін шешілмеген. Елді мекен көршілес бау-бақша ұжымының трансформаторлық қосалқы стансасына қосылған. Бірақ оның қуаты екі аумақты қатар қамтамасыз етуге жеткіліксіз.

«2025 жылы әкімнің қабылдауында болдым. Сол кезде маған жөндеу жұмыстары сол жылы басталады деп жазбаша жауап берілді. Бірақ бір жылға жуық уақыт өтсе де, жұмыс басталған жоқ. Тіпті жобалық-сметалық құжаттама да әзірленбеген», — деді бау-бақша ұжымының төрағасы Шара Ақбергенова.

Ал қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, трансформаторлық қосалқы станса жекеменшікте болғандықтан, оны бюджет қаражаты есебінен жөндеу мүмкін емес. Мәселені шешу үшін нысан алдымен коммуналдық меншікке өтуі қажет.

«Тұрғындар барлық қажетті құжаттарды жинақтап, нысанды қала әкімдігінің теңгеріміне өткізу үшін Қаржы және экономика бөліміне жүгінуі қажет. Бұдан кейін құжаттар сотқа жолданады. Егер бір жыл ішінде трансформаторлық қосалқы стансаның иесі анықталмаса, сот оны коммуналдық меншікке беру туралы шешім шығарады. Барлық рәсім аяқталғаннан кейін нысанға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі қызмет көрсететін болады», — деп хабарлады Ақтөбе әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жергілікті билік мәселені шешудің жолын көрсеткенімен, тұрғындар бұл жұмыстар тағы бірнеше жылға созылып кете ме деп алаңдайды. Ал әзірге олардың бұл қиындыққа төзуден басқа амалы жоқ.

Асыл Махметов, Наталья Лаврентьева, Әлихан Молдабек, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе

Оқи отырыңыз: Алматыда Құрылтай сайлауына дайындық қызу жүріп жатыр