Мегаполисте 1,3 млн-нан астам сайлаушыға жағдай жасалады
Алматыда Құрылтай сайлауына дайындық қызу жүріп жатыр. Саяси науқан күні шаһарда 671 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Қалалық Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, 1 миллион 300 мыңнан астам сайлаушының таңдау жасауына қажетті жағдай жасалады. Саяси науқанды ұйымдастырумен қатар, азаматтардың дауыс беру мәдениетін қалыптастыру да басты міндеттердің бірі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Еліміздің ең ірі мегаполисінде саяси науқанға дайындық жұмыстары заң талаптарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Қалада сайлау учаскелерінің әзірлігі пысықталып, дауыс берушілердің тізімі нақтылануда. Аумақтық сайлау комиссиясы ерекше қажеттілігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасауға және тұрғындардың электоралдық сауаттылығын арттыруға басымдық берілетінін мәлімдеді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында алғаш рет дауыс беретін жастарға да ерекше назар аударылады. Мамандардың айтуынша, бұл азаматтардың сайлау жүйесіне белсенді қатысуына ықпал етеді.
«Жалпы, жеке тұлға ретінде ұлттық мүддені қорғауға және оны жүзеге асыруға қалай қатыса аламыз деген сұрақ туындайды. Өз ұсынысымызды билікке жеткізудің бір жолы – дауыс беру. Өз таңдауымызды жасау арқылы біз саяси жүйеге қатысамыз», — деді Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Айдар Әмребаев.
Саясаттанушылардың айтуынша, сайлауға қатысу – тек конституциялық құқық қана емес, қоғамдағы маңызды шешімдерге ықпал етудің де бірден-бір жолы. Ал дауыс беру мәдениетінің қалыптасуы азаматтардың таңдау жасаудың маңызын түсінуімен тығыз байланысты.
Алматылықтардың айтуынша, сайлауға қатысу – әр азаматтың жеке таңдауы әрі жауапкершілігі.
«Бірде қатысқан кезім болды, бірде қатыспаған кезім болды. Ол жағдайға байланысты. Осы жолы бұйырса қатысамыз», — деді қала тұрғыны.
«Құрылтай сайлауына қатысып, дауыс беруге ниеттімін», — деді тағы бір қала тұрғыны.
«Сайлауға міндетті түрде қатысамын. Өз таңдауымды жасаймын», — деді тұрғындардың бірі.
«Қазақстанға шын ниетімен қызмет ететін азаматтар сайлансын деп тілеймін. Әсіресе жастарға сенім артамын», — деді қала тұрғыны.
Алматылықтардың басым бөлігі сайлауға қатысу әр азаматтың жауапкершілігі екенін айтады. Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары қоғамның саяси үдерістерге қызығушылығы артып, азаматтардың өз таңдауына деген жауапкершілігі күшейіп келеді.
«Еліміздің саяси өмірі қызықты кезеңге қадам басты. Мәжіліс сайлауы өтті, енді Құрылтай сайлауы өтеді. Құрылтай құрамында 145 мүше болады. Бұл – саяси бәсекенің бір көрінісі. Осындай үдерістердің нәтижесінде қоғамның саяси сана-сезімі де арта түседі деп ойлаймын», — деді қоғам қайраткері Бекнұр Қисықов.
Сарапшылардың пікірінше, сайлау мәдениеті бір күнде қалыптаспайды. Ол азаматтардың саяси сауаты мен қоғамдық белсенділігіне байланысты. Ал саяси науқанға қатысу – елдің дамуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі.
Олжас Омарбек, Мейрам Исабеков, Ханкелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Президент цифрлық активтер индустриясын дамыту туралы Жарлыққа қол қойды