Ақтөбедегі базарлардың бірі отқа оранды

31.07.2026 15:41

Қойма қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ

Ақтөбедегі базарлардың бірі отқа оранды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт құрылыс материалдары сақталған қоймадан шығып, аумағы мың шаршы метрден асқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Апат орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер мен жедел қызмет тобы қызыл жалынды сөндіруге тырысқан. Алайда, ғимараттың құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты өртті өшіру қиынға соғыпты. Десе де, бір сағаттың ішінде қызыл жалын толық сөндірілді. Абырой болғанда, қойма қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ.

«Өрт сағат 17:33 уақытта оқшауланып, 18:28-де толықтай сөндірілді. Өрттің жалпы аумағы 1100 шаршы метрді құрады. Өрт сөндірушілер жалынның әрі қарай таралуына жол бермей, көрші қойманы сақтап қалды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ», – деді  облыстық ТЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы Айбат Жаңабергенов.

Оқи отырыңыз: Алматыда Манас көшесінің бір бөлігі уақытша жөндеуге жабылады