Қызылордалық оқушы қоқысты өзі сұрыптайтын жүйе ойлап тапты
Қызылордалық оқушы қоқысты өзі сұрыптайтын жүйе ойлап тапты. Диас Тасболаттың тың идеясы жасанды интеллектінің көмегімен іске асқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ақылды қоқыс жәшігі. Атауы қарапайым болғанымен, атқарар ісі ауқымды. Бұл - Диас Тасболаттың тың идеясынан туған жоба. Көптің көріп, көндіккен дүниесіне 11-сынып оқушысы басқа қырынан қараған. «Экожоба қоқысты сұрыптауға ғана емес, уақытты үнемдеп, жұмыс күшін азайтуға мүмкіндік бермек.
«Қызылорда қаламыздағы ең үлкен қоқысты сұрыптайтын жер Белкөл кентінде. Ол жердегі үлкен кісілер, қариялар қоқыстарды қолмен сұрыптап жатыр. Мен соны көргенде осы идея келді», деді жоба авторы Диас Тасболат.
Жасанды интеллект қағаз, пластикалық бұйым, шыны секілді қоқысты анықтап, әр жәшікке салады. Нақты нәтиже берген жоба облыстық «Innofest» байқауында мыңнан аса қатысушының арасынан үздік атанды. Болашақта бұл бастаманы қолданысқа енгізу де жоспарда.
«Стартап жобаларымыз Қызылорда облысындағы республика бойынша жақсы орындарды алып келе жатыр. Өз идеясына әрі қарай инвестиция салуға, жақсы инвесторларды тарту үшін Астана, Алматы қалаларында жобаларын жүзеге асыруда», деді Қызылорда облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Сәбит Ибадулла.
Биыл — цифрландыру мен жасанды интеллект жылы. Аймақта жыл сайын жастардың ІТ саласындағы стартап жобаларына 100 миллион теңгеге жуық қаржы қаралып келеді. Бұл Диас секілді жастардың бастамасын елдің қажетіне жаратуға қолдау болмақ.
Асқар Сәрсенұүлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда
Оқи отырыңыз: Картада жоқ елдімекен: СҚО-да 3 отбасы еліктен оқшауланып өмір сүріп жатыр