Жоғалған жігіттің ата-анасы оның көрші ауылдағы туыстарына жиі жаяу барып тұратынын айтқан
Ақмола облысында жарты ай бұрын жоғалып кеткен 24 жастағы мүмкіндігі шектеулі жігіттің өлі денесі табылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Біржан сал аудандық полиция бөліміне Андрей Андреевич Рябконың жоғалып кеткені туралы арыз 19 қарашада түскен. Туыстарының айтуынша, жас жігіт 14 қарашада жоғалып кеткен, бірақ бес күн бойы өз бетінше іздестіру жұмыстары нәтижесіз аяқталғандықтан, бесінші күні ғана полицияға хабарласқан.
Жоғалған жігіттің ата-анасы оның көрші ауылдағы туыстарына жиі жаяу барып тұратынын айтқан.
Дереу іздестіру шаралары ұйымдастырылып, полиция қызметкерлері, еріктілер мен мүдделі азаматтардан арнайы топтар құрылды. Іздеу жұмысы орманды жерлерді, дала мен жақын маңдағы елдімекендерді сүзіп шықты. Аумақты көбірек қамту үшін дрондар мен қызметтік көліктер пайдаланылды.
"30 қарашада полицейлер иен даладан жоғалған адамның денесін тапты. Алғашқы сараптама кезінде ер адамның үсік шалып көз жұмғаны анықталды", - делінген хабарламада.
Полицейлер азаматтарды мүмкіндігі шектеулі немесе түрлі диспансерлік есепте тұрған туыстарына бақылауды күшейтуге шақырады. Тәртіп сақшылары сондай-ақ қыс мезгілінде оқыс оқиғаларға ұшырап немесе үсікке шалдықпас үшін із-түзсіз жоғалғандарды дереу іздестіру туралы өтініш жазуды ұсынады.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында үш көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты