Иммундық жүйені күшейтеді: қыс мезгілінде қандай жемістерді жеген дұрыс

16.12.2024 11:04

Дәрігер цитрус жемістері мен анардың ЖРВИ-дің алдын алуға көмектесетінін айтты

Odiseo Castrejon / Unsplash

Дәрумендер мен антиоксиданттар ЖРВИ ауруларының алдын алуға және суық мезгілде ағзаны қалпына келтіруге көмектеседі. Бұл туралы нутрициолог дәрігерлер айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ас мәзіріне цитрусты жемістерді - апельсин, лимон, мандарин және грейпфрут қосқан жөн. Құрамында С дәрумені жоғары болғандықтан, бұл жемістер иммундық жүйені күшейтіп, коллаген синтезін ынталандырады, сондай-ақ тіннің жазылуын жылдамдатып, шырышты қабықтарды нығайтады, инфекциялардың ағзаға енуіне жол бермейді.

"С дәруменінің негізі көзі – киви жемісі, оның құрамында сондай-ақ антиоксиданттар мен талшықтар көп, ал олар иммунитетке әсер ететін ішек микробиотасының денсаулығы үшін маңызды. Анардың да қабынуға қарсы емдік ерекшелігі бар, ол қан айналымын жақсартады және құрамында вирусқа қарсы әсер ететін полифенолдар бар", - деді нутрицолог Алла Порхун Газета.ru басылымына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, сонымен қатар ЖРВИ кезінде бананның, алма мен құрманың да пайдасы мол.

"Калийге бай банан дене қызуы көтерілгенде су-тұз теңгерімін сақтауға көмектеседі, ал құрамында пектин мөлшері жоғары алма ішек жұмысын қалыпқа келтіреді, бұл иммундық реакцияға оң әсер етеді. Ал құрманың құрамындағы А, С, Р дәрумендері, сондай-ақ йод пен магний қабынуға қарсы оң әсер етеді және қан тамырларын күшейтетін қасиеті бар", - дейді дәрігер.

Сонымен қатар папайя, карамбола, фейхоа және личи сияқты экзотикалық жемістердің пайдасы көп. Карамбола антиоксиданттық қасиетке ие С және А дәрумендеріне бай, папайяда С және А дәрумендерінен басқа, ас қорытуды жақсартатын және тіндердің қалпына келуіне ықпал ететін папаин ферменті бар, личиде антиоксиданттар, ал фейхоада йод көп.

Дәрігер ас мәзіріне жидектерді қосудың маңызды екенін және оларды консервіленген түрінде де тұтынуға болатынын айтты. Мысалы, таңқурай мен қарақат тосабы қан тамырларын нығайтуға және қабынуды азайтуға көмектесетін полифенолдар мен басқа да биологиялық белсенді заттардан тұрады.

Оқи отырыңыз: Қант диабетін асқындырып алмаудың жолдары қандай