Бұқараның мәлімдеуінше, жүк көліктері тамыздан бері карьерден тонналап қиыршық тас әкетіп жатыр
Ақмола облысына қарасты Тельман ауылының тұрғындары заңсыз қиыршық тас өндірісіне шағымдануда. Олардың айтуынша, бәз-біреулер рұқсатсыз үйлерінің іргесінен қазба жұмыстарын жүргізе бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тельман ауылындағы дүрбелең бірнеше айдан бері басылмай тұр. Бұқараның мәлімдеуінше, жүк көліктері тамыздан бері карьерден тонналап қиыршық тас әкетіп жатыр.
«Бұл карьер 80-жылдары база салынған кезде пайдаланылған. Содан бері қаңырап бос тұрған. Қожайыны жоқ, еш жерде рәсімделмеген. Ал қазір қайта қазылып жатыр», – деді ауыл тұрғыны Махмұт Мұсаев.
Ауылдағы ағайын бұл жерді пайдалануға рұқсат беретін құжат болмағанын айтты. Ал «ауызша келісімді» ауданның бұрынғы әкімі берген дейді. Тұрғындар «жергілікті биліктің араласуынсыз ашық түрде қазба жұмысын жүргізу мүмкін емес» деп отыр.
«Жолдарды жамау үшін бар болғаны алты КамАЗ ұсақ тас керек. Біз оны жыл сайын сұраймыз, өйткені бұрынғы келісім бойынша карьер оны бір рет тегін береді. Бірақ ауыл ішіндегі жолдарды қиыршық таспен түзеу мүмкін емес», – деді ауыл тұрғыны Оксана Гейдт.
Ал кәсіпкер мұндай айыппен мүлде келіспейді. Қиыршық тастар тек ауыл игілігіне жұмсалды деп сендіріп отыр.
«Біз жылда жолды өз есебімізден тегістейміз. Өйткені бізге қаржы бөлінбейді. Мен ештеңені үйіме әкеткен жоқпын. Барлығы ауыл мүддесі үшін жасалды. Мені неге айыптап жатқанын түсінбеймін? Әкімдік бәрінен хабардар», – деді кәсіпкер Валерий Петров.
Ауылдық округ әкімдігі «аталмыш «жөндеу жұмыстары» үшін заң бойынша жер қойнауын пайдалану лицензиясы қажет» дейді. Ал кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы түскен шағымдарды тексерген соң, заңсыз өндіру фактілерінің анықталмағанын хабарлады. Бұдан бөлек, рұқсатсыз қазба жұмыстарын жүргізген тұлғаларды анықтау үшін материал полицияға жолданған.
«Тексеру барысында көрсетілген аумаққа қатысты жер қойнауын пайдалану келісімшарттары жасалмағаны, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия берілмегені анықталды. Тексеру кезінде заңсыз өндіру фактілері тіркелген жоқ. Алайда оқиға орнында қиыршық тас өндіру жұмыстарының іздері байқалады», – делінген Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының хабарламасында.
«Мен бұл қызметке небәрі жарты ай бұрын келдім. Бұрын болған жағдайларға құқықтық баға бере алмаймын. Заң бойынша карьерден ешкім ештеңе ала алмайды. Енді бұған жол бермейміз және аумаққа бөгде адамдардың кіруін тоқтатамыз», – деді Тельман ауылдық округінің әкімі Дастан Мұхаметжанов.
Бұл жағдай ауылдағы бірнеше жыл бойы жыр болған жол мәселесін қайта көтерді. Атбасар ауданы жылда тасқын қаупі жоғары аймаққа енеді. Қысқы боран мен көктемдегі батпақ жол қатынасын тіпті қиындатады. Әкімдік өкілдері бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін көшелер 2030 жылға дейінгі даму жоспарына кіргенін айтты. Ал тұрғындар мәселенің уақытылы шешілуін сарыла күтуде.
Олжас Омарбек, Карина Негметова, Рамиль Дусумов, Ақмола облысы
Оқи отырыңыз: Астанада көпқабатты үйдің қасбеті құлады: зардап шеккен 2 адам жансақтау бөлімінде жатыр