Алматы облысында 200 отбасы сатып алған жерлеріне қол жеткізе алмай жүр
Алматы облысында 200-ге жуық отбасы 15 жыл бұрын сатып алған жерлерін өздеріне қайтаруды сұрайды. Олардың айтуынша, «көпбалалы аналарға арзан бағада жер телімі таратылып жатыр” деген жарнамаға сеніп, 6-7 мың доллардан санап берген. Алайда содан бері жер де, ақша да жоқ болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жалпы ауданы 162 гектар жер 2006 жылы 200-ге жуық отбасыға сатылған. Сол уақытта жұрт өз аумағын белгілеп, қазығын да қаққан. Алайда қараша «15 жылдан бері өз жерімізге иелік ете алмай отырмыз» дейді.
Жұрт жер телімін 2006 жылы «Ғибрат» қоғамдық ұйымы арқылы сатып алыпты. Әрқайсы 10 сотық үшін бар ақшасын қор басшыларының құрғақ уәдесіне сеніп тапсырғанын айтады. Бірақ қаражат қолға тиген соң «сатушылар» ізім-ғайым жоғалған.
«Жер сатылады деп естідім, содан кейін екі жерге 8 мың доллар өткіздім. 2007 жылы Ботабаева Марпия біздің ақшамызға жер сатып алды, сосын бізді осы жерге әкелді. Осы жерді бүкіл халыққа, көпбалалы аналарға бөліп берді. Одан кейін үш күннен соң бұл жерге милиция келіп, барлық аналарды қуып шықты, қазықтарын бұзды. «Бұл жер қазақ ауылы болмайды» деді. Содан бері не жерді ала алмай, не ақшамызды қайтара алмай соттасып жүрміз», – деді облыс тұрғыны Айгүл Бопабаева.
Қараша аталған мәселемен сотқа жүгінген. Сот жерді аукционға қойып, азаматтардың ақшасы қайтарылсын деп үкім етіпті. Алайда халық мұнымен келіспей отыр.
«Аукционға қойылады, сатылады, әкімдіктен сатып алынады деді. Бірақ халыққа ақшаны береміз деді. 250 мың теңге бізге керек емес. Біздің жеріміз бар. Біз өліп бара жатсақ та жерді бермейміз. Әсіресе 18 жыл бойы жүгіріп жүргеніміз қалай сонда? Біздің талабымыз – тек жер», – деді облыс тұрғыны Алмагүл Мұхаманова.
«Бұл жерді маңдай термен тапқан ақшамызға алғанбыз. Бастапқыда жерді бөліп берді, одан кейін осындай жағдай болды. Бізге жерден басқа ештеңе керек емес. Ақша да керек емес. Осы аман-есен күнімізде балаларға осы жерді алып, қолына берсек деп едік», – дейді облыс тұрғыны Бибатпа Дүйсенбина.
Дау болған жер Іле ауданына қарасты Қосөзен ауылында орналасқан. Оны 2001 жылы Іле аудандық әкімдігі «Іле» өндірістік кооперативінен алып, уақытша пайдалану үшін жекеменшікке өткізіпті. Қызығы, бұл жер үй салуға емес, тек шаруашылық жүргізуге арналған екен. Тіпті, бас жоспарға да енгізілмеген. Сондықтан әкімдіктегілер бұл іске араласпадық деп отыр. Бірақ алдағы 1 аптада комиссия құрылып, мәселені біржақты ететінін айтты.
«Біз құжаттарды рәсімдеп, облысқа тапсырамыз. Облыс тарапынан жер қатынастары бөлімінен комиссия құрылады. Енді бір апта шамасында реттеліп, түсіндіру жұмыстары жалғасатын болады. Бұл жеке адамдар арасындағы мәселе болғандықтан, біз соттың шешімін көрдік. Сот шешімінде жерді сатып, ақшаны өндіріп беру тапсырылған. Егер жер қажет болатын болса, соттың шешімін өзгерту қажет болады», – деді Қараой ауылдық округінің әкімі Қайрат Ортабаев.
Ал баспанаға қол жеткiземiн деген көпбалалы аналар талап-тілегіміз ескерусіз қалмаса екен дейді. Енді олар сотқа апелляциялық шағым түсіріп, істі қайта қозғатпақ.
Диана Тұрлыбек, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Түркістан облысындағы тұрғын үйде болған жарылыс: жаңа деректер айтылды