Ақтауда екі қызды құтқарып, өзі суға батып кеткен азаматтың отбасына пәтер берілді

06.08.2025 19:48

Ерлікпен қаза тапқан азаматтың артында бес баласы қалды

Маңғыстау облысының әкімдігі i

Ақтауда екі қызды құтқарып, өзі суға батып кеткен азаматтың отбасына пәтер берілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бүгін, 6 тамызда екі адамның өмірін құтқарып өзі суға кеткен Ерлан Шонтабаевтың отбасына Ақтау қаласынан жаңа үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды.

Қоныстануға дайын тұрған пәтер құрылыс компаниясының демеушілігімен берілді.

«Сонымен қатар демеушілердің есебінен марқұмның отбасына қаржылай көмек көрсетілді», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 26 шілдеде Ерлан Шонтабаев Ақтау қаласынан шамамен 30 шақырым қашықта орналасқан, шомылуға арналмаған жағажайда суға батып бара жатқан екі қызды аман алып қалған. Сондай-ақ өзімен бірге көмекке ұмтылған тағы бір азаматты құтқаруға тырысқан сәтте, қатты толқынның салдарынан өзі суға батып кеткен.

Оқи отырыңыз: Тбилисиде жоғалған қазақстандық жігіттің денесі табылды