Ең кенжесінің жасы – небәрі 3 айлық
Өткен демалыс күндері Каспий теңізі жағалауында қайғылы оқиға болд. 39 жастағы Құрық ауылының тұрғыны Ерлан Шонтабаев Ақтау маңындағы демалыс базаларының бірінің жанында демалушыларды құтқарамын деп мерт болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Марқұмның жақындарына Маңғыстау облыстық ТЖД басшысы атынан алғысхат табысталды.
Қайтыс болған азаматтың туыстарының айтуынша, сол күні Ерлан Шонтабаев достарымен бірге теңіз жағасында демалып жүрген. Олар спирттік ішімдік ішпеген. Оларға жақын маңда екі қыз және екі жігіттен құралған басқа демалушылар тобы болған. Шомылу кезінде қыздар суға бата бастаған. Сол сәтте жігіттердің бірі суға секіріп түсіп, көмектеспек болады, ал екіншісі өзгелерді көмекке шақыра бастайды.
Жақындарының айтуынша, көмек сұраған дауысты ести сала, Ерлан Шонтабаев бірден суға қойып кеткен. Ол қыздарды аман алып шыққан, алайда жігітті құтқармақ болғанда, жігіт үрейге бой алдырып, Ерланның аяғынан ұстап алған болуы мүмкін деген болжам айтылуда. Соның салдарынан екеуі де суға батып кеткен.
Марқұмның артында жұбайы мен бес баласы қалды. Ең кенжесінің жасы – небәрі 3 айлық.
Кеше Құрық ауылында Ерлан Шонтабаевты соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Оған туған-туыстары, достары, көршілері жиналды. Құтқарушылар да отбасыға көңіл айтып, алғысхат табыстады.
Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ерлан Шонтабаевтың отбасына департамент басшысы Мұрат Мұханұлы алғыс білдірген.
Айта кетейік, құтқарушылардың мәліметі бойынша, оқиға орнына жеткен кезде екі ер адамның суға батып кеткені анықталған. Олар суға батып бара жатқан қыздарды құтқармақ болған. Абырой болғанда, қыздар өздігінен жағаға шығып үлгерген. Бір ер адамның (1986 жылғы) денесі жағадан 10 метр жерде табылып, сыртқа шығарылған. Ал екінші азаматтың (2001 жылғы) мәйіті түнгі сағат 00:05 шамасында 1,5 метр тереңдіктен, жағадан 10-15 метр қашықтан табылған.
Оқи отырыңыз: Екі баласын лақтырған: Павлодардағы жантүршігерлік оқиғаға оқушылар куә болған