Ақтауда көмекке барған екі ер адам суға батып кетті

29.07.2025 15:06

Құтқарушылар 1986 және 2001 жылы туған жігіттердің денесін судан алып шықты

Ақтаудан 48 шақырым жерде орналасқан демалыс базасы маңындағы жағалауда екі ер адам суға кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұнда алдымен екі қыздың батып кету қаупі болған екен. Кейіннен оларды құтқаруға ниеттенген азаматтардың өздері жағдайдың құрбаны болған. Ал бойжеткендер өз күшімен жағаға шыққан.

Айта кетейік, көмекке барған 1986 және 2001 жылы туған жігіттердің денесін құтқарушылар судан алып шықты.

«Каспий теңізіндегі толқынның әсерінен тым алыстап кеткен. Облыс қонақтары мен тұрғындарын тыйым салынған жерде шомылмауын сұраймыз», – деді ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының м.а Дінмұхаммед Пірімжан.

Маңғыстау облысына қарасты Құрық ауылының маңында да қайғылы оқиға болды. Жағалауға демалуға барған ер адам суға түсуге рұқсат етілмеген жерде шомылған. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде мәйіт жағалаудан шамамен 150 метр қашықтықтан табылды.Мамандардың айтуынша, ол суға шомылу кезінде масаң күйде болған.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында жоғалған жасөспірімдер табылды