Ақтауда мектеп оқушысына пневматикалық тапаншамен оқ атқан жасөспірім ұсталды

Ал 11 сынып оқушысының сол жақ көзі мүлдем көрмей қалған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтауда бір топ адам көшенің қақ ортасында мектеп оқушысына тиісіп, пневматикалық тапаншамен оқ атқан. Салдарынан жасөспірімнің сол жақ көзі мүлдем көрмей қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқиға 30 желтоқсанда сағат 22:00-де болған. Ал оқушының ата-анасы қылмыстық іске қатысты сот отырысының қашан болатынын күтіп жүр. Олардың айтуынша, медициналық сараптаманың дайын болу мерзімі де өтіп кетіпті.

Ата-анасы аты жөнін атамауды және жүзін көрсетпеуді өтінген баласы былтыр 30 желтоқсанда достарымен кинодан шығып, үйге қайтып бара жатқан. Сол мезетте бір топ бұзақылар 17-шағынаудандағы көшелердің бірінде кезігіпті. Бастапқыда ішімдік ішкендер жәбірленушінің қасындағы балаға шүйліккен. Сол кезде араша болайын деп барған 11-сынып оқушысын әлгі топ адам балағаттап, бетіне тапанша кезепті. Қаперінде қауіп төнерін білмеген жасөспірім «оқ атады деп ойламадым» дейді. Кейіннен бұзақылар баланы соққының астына алған. 

«Оқиға орнынан кетіп қалдық. Досым жетектеп алып кетті. Сонда да соңымыздан 5-6 адам қуды. Мен ештеңе түсіне алмай жаттым. Себебі оқ атылғаннан кейін көз алдым тас тұман болып тұрды. Сол көзімнің көрмеуі маған көп кедергі келтіріп жүр. Болашақтағы мамандығымды да таңдап қойып, енді құжаттарды рәсімдеуге дайындалып жүр едім, арманым орындалмайтын болды», – деді жәбірленуші.

Атылған оқ оқушының көзіне тиіп, сол бетіндегі көздің көру мүмкіндігін шектеп тастаған. Оған бірнеше күрделі ота жасалыпты. Ұлттық бірыңғай тестке дайындалып жүрген ол ұшқыш мамандығын игеруді армандаған. Алайда медициналық тексеруден өте алмайтындықтан, ойлаған жоспары тас-талқан болыпты. «Кінәлілер тиісті жазасын алсын» деген жәбірленушінің анасы соттың әділ шешім шығаруын талап етіп отыр.

«МРТ түсіргенде анықтады. «Ішінде оқ бар, операция жасаймыз» деді. Ота жасалды,  біз полицияға соқтық. Операциядан кейін баламның қасында болдым. Ол өзіне келгенше қиналды. Қайта-қайта көзін сұрай берді», – деді жәбірленушінің анасы Мадина Рысмағанбетова

Бұл жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғапты. Пневматикалық қарудан оқ атқан азаматтың жасөспірім екенін тәртіп сақшылары растап отыр. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

«Қылмыстық іс «адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша тіркелді. Тергеу барысында іс ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, яғни «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруге» ауыстырылды. Кәмелетке толмаған күдікті анықталды. Шетелге шығуына қолхатпен тыйым салынды. Тергеу жүріп жатыр», – деді Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева.

Жәбірленушінің отбасы кінәлілердің қатаң жазалануын талап етеді. Оқушының анасы баламды осындай күйге жеткізгендерге аяушылық жоқ, кешірмеймін деп отыр. Ол ұлының болашағына балта шапқандардың ауыр жаза алғанын қалайды.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: Баспана дауы: үлескерлер тоқтап қалған тұрғын үй құрлысына алаңдап отыр

Новости партнеров