Қала әкімдігіне қарасты басқарма мәселемен жақсы таныс
Ақтаудағы шағынаудандардың бірі қоқыс полигонына айналып барады. Арнамызға хабарласып, көмек сұраған ағайын «аулаға кім көрінген қалдық төгіп жүр» деп зар жылайды. Олардың айтуынша, түн ортасында көлікпен келіп, құрылыс материалдарын тастап кететіндер азай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғындар ауа райы күрт өзгеріп, далада жел жылдамдығы күшейсе, жағдайымыз қиындайды дейді. Себебі қоқыста жатқан жеңіл-желпі лас заттар ауланы ластап, үй айналасының сәнін бұзады. Көпқабатты үйдің жан-жағын жұрт жабайы полигонына айналадырған.
«Айналамызда мәселе шаш етектен. Бізде үнемі жел соғады. Үйдің ауласын қоқыс тұрған жерде таза ұстау мүмкін емес. Қаңғыбас иттер де келеді. Ал бұл жерде бала-шаға мен зейнеткерлер тұрады», – деді қала тұрғыны Сәбина Ботантаева.
Полигонда тұрмыстық қатты қалдықтар мен ит-құстың өлекселеріне дейін жатыр. Тұрғындар «лас затты төгетіндер таза Қазақстанға, таза қастандық жасап отыр» дейді.
«Нәтиже жоқ, былтыр сотқа дейін бардық. Прокуратураға арыз жаздық. Қаланың әкімі қайда қарайды? Қаланың, облыстың мәслихат депутаттары қайда қарайды? Бір жылдан бері нәтиже ешқандай жоқ», – деді қала тұрғыны Қошығұл Жексенғали.
Ал қала әкімдігіне қарасты басқарма мәселемен жақсы таныс. Олар қоқысты кезең-кезеңімен тазалауды және аумақты бақылауға алуды арнайы мекемеге жүктеген.
«Дрон бейнебақылау камерасы арқылы заңсыз төгу фактілерін алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтатын болсақ, осыған дейін үш фактінің алдын алып, заңды түрде жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар айтылған аумақтарда анықталған қоқыс үйінділерін, жер учаскелерінің иелері анықталып, тиісті хабарлама жолдануда», – деді қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Ғазиз Сағынғалиев
Тазалыққа зар болған тұрғындар мәселені шешу үшін соңына дейін күресетінін айтты. Әкімдік те өз алдына тиісті шара қабылдаймыз деп сендіріп отыр. Ал телеарна редакциясы бұл мәселені бақылауда ұстайтын болады.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Ұлытау облысының тұрғындары куәлік алу үшін Астанаға баруға мәжбүр