Ай сайын төленетін төлем бөлек есептелмек
Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккен қазақстандықтардың отбасыларына әлеуметтік төлем тағайындалады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары айтқандай, егер отбасындағы табыс тауып отырған адам қайтыс болса, бір реттік 5 миллион теңге беріледі. Ал ай сайын төленетін төлем бөлек есептелмек. Әзербайжан тарапы да әуе апатында қаза болғандардың жақындарына шамамен 24 мың доллар көлемінде көмек берілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ барлық жолаушылар сақтандыру ақысын алады.
Үкіметтік комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев "Ресей мен Әзербайжан елдерінің құқық қорғау органдары криминалистикалық тергеуге жіберілмейді" деп хабарлады. Ал оқиға орнынан табылған екі қара жәшікті оқуға шамамен екі апта қажет. Бұл жұмыс Эмбраер сарапшылары елге келген соң басталады.
"Эмбраер" компаниясының өкілдері мен бразилиялық өндірушілерді күтіп отырмыз. Оқиға болған жердегі ұшақтың қирандыларын қалай құлады сол күйінде сақтап қойдық. Аумақ қоршалған. Ешкім кірмейді. Бұл талап бойынша оларға оқиғаны зерттеуге көмектеседі, – деді үкіметтік комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев.
Брифингте Көлік министрі Марат Қарабаев Ақтау әуежайының ұшақты қабылдауға толық дайын болғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, апатқа ұшыраған ұшақ экипажы екі рет қонуға талпынған. Бірақ биіктік пен бағыт күрт өзгерген көрінеді. Атап өту керек, бұл мезетте Қазақстанның апаттық қызметтері елдің әуе кеңістігіне кіргенге дейін-ақ ұшақты қабылдауға дайын тұрған.
"Ұшақ апатында Қазақстанның авиация саласындағы барлық кәсіпорны «КазАэроНавигация» диспетчерлері, Ақтау әуежайының қызметкерлері жоғары кәсіби біліктілігін көрсетті. Нақты және жедел жұмыс істеді. Алғашқы қоңырау сағат 10:43-те аудандық диспетчерлік орталығының қызметкерлеріне түсті. Ростов диспетчері Грозный қаласынан қосымша әуежайға кетіп бара жатқан "Эмбраер" әуе кемесі туралы хабарлады. Қазақстанның әуе кеңістігіне өткенге дейін ұшақтың басқару жүйесі мен руль істен шықты", – деді ҚР көлік министрі Марат Қарабаев.
Оқи отырыңыз: Ұшақ апаты: алматылықтар марқұмдардың рухына тағзым етті