Ақтаудағы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

29.10.2025 19:10

Денесінің 50–60 пайызын күйік шалған науқас жансақтау бөлімінде жатыр

Ақтауда болған жарылыстан зардап шеккен 5 адамның жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ауруханаға дереу жеткізілген 52 жастағы науқастың беті, мойны, кеудесі, екі қолы мен аяқтары және арқасы күйіп қалған. Тағы 22 жастағы азаматқа медициналық көмек көрсетіліп, үйіне жіберіліпті. Ал 7, 10, 15 жастағы үш жасөспірім көміртек тотығы газымен уланған екен. Екеуі амбулаторлық емге жіберілген. Қазір барлық науқас дәрігерлердің бақылауына алынған.

Естеріңізге салсақ, кеше таңғы уақытта Ақтаудағы бес қабатты үйдің жертөлесінде жарылыс болған еді.  

«Ересектер ауруханасына жеткізілген пациенттердің бірінің жағдайы ауыр, ол қазір реанимация бөлімінде жатыр. Денесінің 50–60 пайызын күйік шалған, алдын ала диагноз – улы газбен уланған. Екінші пациент балалар ауруханасында, оның жағдайы қанағаттанарлық әрі тұрақты, педиатрия бөліміне жатқызылды. Ал қалған үш науқас амбулаторлық ем алуға жіберілді», – деді Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Жанар Майманова.

Оқи отырыңыз: "Киімі өртенген адам шығып келе жатты": Ақтаудағы тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болды